Білім көкжиегіБасты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл облысының түлектері аттестаттарын биыл 3-4 маусымда алады

Елімізде орын алған жағдайға байланысты білім саласында бірқатар өзгерістер болғаны белгілі. Бұл және мектеп бітірушілерін де айналып өтпеді. Мәселен, түлектер биыл емтихан тапсырмайтын болды. Қорытынды аттестаттау емтихандарының болмауына байланысты бұл іс-шараны маусым айының басында өткізу туралы шешім қабылданып, Жамбыл облысының түлектері аттестаттарын биыл 3-4 маусымда алатын болды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы айтты, деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Мектеп бітірушілері үшін арналған салтанатты іс-шарада түлектерге аттестаттары табысталып, арнайы соңғы қоңырау соғылады.

Іс-шара міндетті түрде мектеп аумағында, ашық алаңда, қонақтарсыз, тек бітірушілердің қатысуымен және санитарлық нормаларды сақтай отырып өтетін болады. Аттестат тапсыру рәсіміне мектеп формасында келу ұсынылып отыр. Ал салтанатты бөлімнен кейін ағаш отырғызу акциясын өткізу жоспарлануда.

Жалпы, елімізде қашықтан оқыту жағдайына байланысты түлектер биыл пәндер бойынша жылдық бағамен аттестатталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеген болатын.

«Аттестат пәндер бойынша жылдық баға негізінде беріледі. ҰБТ-ны өткізу мерзімі өзгеріссіз қалады. Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай мен оқушылардың қашықтан оқыту түріне ауысуына байланысты Білім және ғылым министрлігі 9-класс (10) оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтихандарын, ал 11-класс (12) оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдады», – делінген болатын хабарламада.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close