Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Әбілдә – үлгілі ауыл

Жамбыл облысында ауылдарды дамыту алға қойған негізгі бағыттардың бірі. Әрбір елдімекен заман талабына сай өркендеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бейім болуы қажет. Ел үкіметінің де алға қойып отырған басты мақсаты осы.
Осыған орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың 2020 жылғы 4 мамыр күнгі Жамбыл облысы аудандарымен бейне-селекторлық кеңестегі тапсырмасына сәйкес, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасын іске асыру бойынша Сарысу ауданынан «Үлгілі ауыл» жобасына Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілдә ауылы еніп, бүгінде біршама жұмыстар атқарылуда.


Аядай ғана Әбілдә ауылында көптеген айшықты істер атқарылып келеді. Ондағы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы, көңіл күйі жайдарлы. Ауылға кіре бергеннен тазалығы мен еңбекқорлықтары бірден көзге түседі.


Аталмыш ауылда соңғы 5 жылда қылмыстық іс тіркелмеген, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жұмыссыздар тіркелмеген. «Үздік ауыл» жобасы байқауының облыстық кезеңіне таңдалып алынған Әбілдә ауылында өтетін іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар екі кезеңге бөлінген. 1 кезеңде ауылдың инфрақұрылымын дамыту, 2 кезеңде қазақы құндылықтарымызды тірілту, ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту шараларының тізбегі жасалған.
Еліміздегі төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, ауылдың ішін абаттандыру, көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізу тұрғындар тарапынан белсенді атқарылуда.
Ауыл ішіндегі әлеуметтік нысандар мен көше бойлары және жол қапталдарына санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 5 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Ауыл ішіндегі тал-дарақтардың түбі қопсытылып, әктелді. Ауылға кіреберіс облыстық маңызы бар Тоғызкент-Үшарал тас жолының бойындағы аялдаманы жаңартып, заманауи үлгіде салу үшін аудандық бюджеттен 815 мың теңге бөлінді.


Ауылдың оң жақ қапталындағы тегіс жерден көлемі 1 га жер жасыл белдеу есебінде белгіленіп, орны тазаланды. Қазіргі уақытта бюджеттен 7,5 миллион теңге қаралды. Биылғы жылы жері тегістеліп, суару жүйесі салынатын болады. Сырты қоршалып, тал егетін жүйектер жасау жоспарда.
Ауыл тұрғындары әр үйдің ауласы мен көше бойына және мектептің, ауылдағы аула клубының аумағына тал көшеттерін отырғызуда.
Мектептің ауласына 317 көшет отырғызылыпты. Оның 90 көшеті алманың, 50 көшеті өріктің, 30 түбі шие және 12 түп арша көшеті көктеп тұр. Әбілдә ауылдық клуб үйінің айналасына 144 түп тал-дарақ отырғызылды. Оның 50 данасы жеміс талы, 84 түп сәмбі тал, терек және емен егілген.
Есік алдындағы қосалқы жерлеріне ауыл тұрғындары бау-бақша отырғызып, жайқалтуда. Ауылда ауыз су мен бақша суы бар.
Халқы бақша өсіріп, төрт түлікті көбейтіп отыр. Әр шаңырақта қазан қайнап, дастарқаны жайнап тұр.
Үлкен азаматтардың игілікті істерін қазіргі уақытта жастар жалғастырып жатыр. Көптеген мерекелік шараларға ауызбіршілікпен бірігіп жиналып, қаражатын жинап, атсалысады. Сосын өздерінің ауылына деген тартуларын жасап тұрады.
Мысалы айта кетсек, бітіруші түлектердің 30 жылдық, 20 жылдық түлектердің көбі ауылға түрлі тартулар жасап, мектеп айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына көмегін тигізіп жатады.


Әбілдә ауылының тұрғыны, «Үшарал-Агро 2017» ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы Омар Марат республикалық «Біз біргеміз!» акциясы аясында Тоғызкент ауылының көпбалалы отбасына 1 қап ұн, 1 қой беріп, көпке үлгі боларлық іс жасады.
Жалпы Әбілдә ауылында бұрыннан қалыптасқан ізгілік бар. Әбілдәлықтар ауылға көшіп келген отбасына ауыл тұрғындарының көмегі ретінде әр аула 1-1 лақтан беруді дәстүрге айналдырған. Бұл осы ауылға «тастай батып, судай сің» деген ниеттері. 24 ауладан 24 лақ алған отбасына бұл үлкен көмек.
Ел аумағындағы карантин сейілісімен қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерінен іс-шаралар ұйымдастырып, Ұлы Дала елінің қолөнер бұйымдарын жасау үлгісін көрсету жоспарда бар.


Округ әкімі Дархан Тобашұлы ауылдықтармен жиі бас қосып, көкейлеріндегі сауалдары мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып тұрады.
Аядай ғана ауылдықтардың ауызбіршілігі мен ынтымағының нәтижесінде індеттің алдын алу жұмыстары да қарқынды. Бір-бірлеріне қол ұшын созып, тек бір ғана отбасы емес, бүкіл ауыл болып еңсесін тіктеуде.
Тәуелсіз елімізде халық игілігі мен ауылымыздың дамуы жолындағы жұмыстар алда да жалғасын таба бермек. Көтерілген мәселелер аяқсыз қалмай, кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Дариха Үмбетиярова,

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close