Басты бетЖаңалықтарКоронавирусХабарландыруҚоғамӘлеумет

Жамбыл облысында 18 мамырдан бастап карантиндік шаралар жеңілдетілуі мүмкін

18 мамырдан бастап Жамбыл облысында карантиндік шараларды жеңілдетудің үшінші кезеңі көзделуде. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тиісті шешімді облыстың жедел штабы коронавирусқа қатысты ахуал тұрақтанған жағдайда қабылдайтын болады.

Атап айтсақ, шаштараздар мен сұлулық салондарының (алдын ала жазылу бойынша), сыйымдылығы 30 адамнан аспайтын шағын мейрамханалар мен дәмханалардың, қоғамдық тамақтандыру орындарының ашық ауада жұмыс жасайтын жазғы алаңдары, азық-түлік сауда нысандары мен базарлардың жұмысын қайта жандандыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, жедел штаб отырысында қазіргі таңдағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, басқа да коммерциялық және әлеуметтік нысандар сияқты қоғамдық көліктердің жұмысын қалпына келтіру мәселесі қаралады.

Олардың қызметін қалпына келтірудің міндетті шарты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау болып табылады.

Жедел штабтың нақты шешімі туралы 18 мамырда облыс тұрғындарына бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы хабарланатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close