Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғамӘлеумет

Карантин кезінде пойыздағы талап пен тәртіп қандай болмақ?

Қазақстанда 1 маусымнан бастап пойыздар жүре бастайды. Ал ондағы талап пен тәртіп қандай болмақ? Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтып берді, деп хабарлайды «Ақпарақ» Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. 

«Вокзалға тек бетпердемен және билетпен ғана кіргізеді. Ал арақашықтық вокзалда ғана емес, вагонның ішінде де сақталуы шарт. Дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Вокзалда және вагондарда санитайзерлер тұрады. Жолаушылардың дене қызуын үнемі өлшеп отырады», – деді Байғабылов. 

Оның айтуынша, пойыздарда мейрамхана-вагондар жұмыс істемейді. Жол-жөнекей тамақ та сатылмайды. Сондай-ақ, вагондар арасында жүруге тыйым салынады. Ал жолаушылар тек өз орнында ғана отыруы шарт, ешқайда шықпайды. Бұның барлығын жол серіктері бақылап отырады. 

«Айта кетер жайт, пойызбен жүретін жолаушыларды барған жерінде карантинге алмайды. Олар емін-еркін жүре алады», – деп атап көрсетті Байғабылов.

Еске сала кетсек, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 1 маусым күні блок бекеттер алынып, 5 маусымнан бастап қалааралық автобустардың жолға шығатынын мәлімдеген болатын.

Адамдар арасында кемі бір метр арақашықтық сақталуы тиіс. Көлік жүргізушілері бетперде, қолғаппен қамтамасыз етілуі шарт. Ал әкімдіктер болса, бақылау жүргізеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close