Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғамӘлеумет

Бердібек Сапарбаев базар басшыларымен кездесті

1 маусымда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев базарлар мен сауда орындарының басшыларымен кездесті. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Пандемия кезінде жұмысты қайта бастау мәселесі қаралған жиында Бердібек Сапарбаев облыста жұмыс істейтін 40-тан астам базар мен сауда орындарының көпшілігінде міндетті санитарлық, карантиндік, өртке қарсы талаптар орындалмайтынын айтты. «Кеше олардың бірқатарын аралап, соған кезекті рет көз жеткіздім. Ал егер өрт бола қалса ше? Оқиға орнына өртке қарсы қызмет техникасы қалай жетеді? Баршаңызға белгілі, арнайы бекітілген қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы өкінішті жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін», – деді облыс әкімі.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков атап көрсеткендей, базарлардың бірде-бірі арнайы бекітілген талаптарға сәйкес келмейді.

– Адамдар маскасыз жүр, санитарлық тазалағыштар жоқ, арақашықтық сақталмайды, – деді ол. Бердібек Сапарбаев жауапты мемлекеттік органдарға талаптар сақталмай отырғандарға қатысты тиісті құзірет шеңберінде шара қолданып, сауда орындарын жабуды жүктеді. Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау, төтенше жағдайлар және полиция департаменттеріне бұл мәселелерді тұрақты назарда ұстау тапсырылды.

– Сіздердің мақсаттарыңыз – көп ақша табу емес, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығын ойлау. Бірнеше күннің ішінде кемшіліктерді түзеп, базарлардың бекітілген алгоритмге сәйкес ашылуын қамтамасыз етіңіздер. Арнайы мониторингтік топтар тексеретін болады. Ол үшін жеке жауапкершілікте болатындарыңызды естен шығармаңыздар, – деді аймақ басшысы.

– Азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мәселе. Базар әкімшілігі барлық талаптарды орындағанда ғана сауда-саттыққа толық мүмкіндік беріледі. Біздің алдымызда инфекцияның жылдам таралуына жол бермеу, адамдардың денсаулығын барынша қорғау міндеті тұр. Біз олардың өмірін тәуекелге тіге алмаймыз, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close