Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғамӘлеумет

Жуалының жастары қашанда жақсы істің басында

Жуырда Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков бірқатар белсенді жастарды волонтерлық қызмет көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапаттады. Бұл жуалылық жастардың өзіне артылған сенім мен жұмысты ойдағыдай атқарып жүргенінің белгісі әрі соның жемісі еді.

Жалпы, Жуалы ауданының жастары қашанда жұмыс басында жүреді. Олар шаршау, шалдығу, шығармашылық тұрғысынан алғанда құлазу дегенді білмейді. Есесіне күш-қуат, ерік-жігер, қажыр-қайрат дегенге бай ма дерсің. Себебі, қашан көрсең игі бастаманың басында, жақсы істің қасында жүргені. «Ақпарақ» ақпарат агенттігі бұл ауданның жастарына қарап белсенділігіне бәрекелді деп, тындырымды тірліктеріне тілеулес болып отырады. Расында, «Жастары белсенді елдің – ертеңі жарқын» деуші еді, бұл тұрғыдан алғанда Жуалының жұлдызы биік дер едік.

Алысқа бармай-ақ, соңғы күндері ел көлемінде аталып өткен мерекелер мен атаулы даталарға келер болсақ, Жуалы ауданының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі көптеген іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғанының куәсі боламыз.

Мәселен, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Атамның аманаты» атты жас ақындар арасында аудандық онлаин мүшәйра өткізді. Ауданның талантты жастары қатысып, өзара бақ сынасқан байқауда Наргиза Мұратбай I орынды, Рашид Кемелбек II орынды, Санжар Даярбек III орынды жеңіп алғанын атап өткеніміз жөн.

Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Құрбандар рухына мың тағзым» атты онлайн сурет салу байқауы өтті. Бұл ауданның жас суретшілері үшін дода ғана емес, өз өнерлерін көрсетуге берілген мүмкіндік алаңы болды дер едік. Шараға қазылық еткен Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының суретшісі Қ.Тәжімұратов, Орталық кітапхананың директоры С.Біләнқызы, Жастар ресурстық орталығының директорының орынбасары А.Жолдасов, жас суретші Б.Тәжімұратов I орынды Қ.Сағындықов атындағы №4 орта мектебінің оқушысы Асылай Әмірбекке берсе, II орынға Т.Тастандиев атындағы орта мектебінің оқушысы Мөлдір Таңсықованы лайық деп, III орынды А.Пушкин атындағы №5 орта мектебінің оқушысы Ұлжан Жақсылыққа ұсынды.

Бұдан бөлек, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жастар орталығы «Біз бақытты баламыз!» тақырыбымен тағы да онлайн сурет салу байқауын өткізді. Бұл байқауға да ауданның жас қылқалам шеберлері қатысып, бақ сынауға мүмкіндік алды. Ал үздік суретшілердің еңбегін ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер арқылы насихаттап, бөлісіп, қатысушыларға серпін беріп, ынталандырып отырды. Міне, осылайша Жастар орталығы аса маңызды әрі ауадай қажет байқауларды өткізу арқылы өз ісінің кәнігі маманы екенін дәлелдеуде.

Сондай-ақ, түрлі іс-шаралар мен байқаулардан тыс қоғамның өміріне белсенді араласатын жергілікті жастар «Жасыл Ел» жұмысына да білек сыбана кірісіп, туған жердің тазалығына ынта-шынтасымен үлес қосып жүргені және белгілі.

Мысалы, жуырда ғана «Жасыл Ел» жасағына жұмыссыз жастар қосылып, аудан орталығындағы, Б.Момышұлы ауылының «Орталық алаңы» мен «Жастар аллеясы» саябағындағы арам шөптерді тазалап, қоқыстарды шығарып, сырлау жұмыстарын жүргізді.

Ауданда ерікті белсенді жастар да көбейіп, олар мұқтаж азаматтарға көмек беруде. Жоғарыда айтып өткеніміздей, волонтерлық қызмет көрсеткені үшін аудан әкімі Нарбай Ергебеков жақында бірқатар белсенді жастарды өз атынан Алғыс хатпен марапаттаған болатын.

Осылайша, Жуалы ауданының жастары барлық жағынан белсенділік танытуда. Тынбай еңбек етіп, талай істің басын қайырып жүр. Қазақта «Елдің келешегі – жастардың қолында» деген сөз бар ғой. Біздіңше, осындай жалынды жастар барда ел ертеңіне елеңдемеуге болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close