Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда пәтерден шыққан өртті сөндіруге атсалысқан азамат марапатталды

31 мамырда, сағат 16.45-те Тараз қаласы, Арай 2 мекенжайындағы тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтердің бірінің балконынан өрт шыққан.

Алғашқыда абдырап қалған жұрт мұндай жағдайда тіпті не істеу қажеттігін де бір сәт естен шығарғандай еді. Дегенмен, шұғыл әрекетке көшкен көрші пәтердің тұрғындары айғайға басып, маңындағыларды көмекке шақырса, енді бірі көз жасына ерік берсе керек. Осы уақытта автокөлігін тұраққа қойып, үйіне бет түзеген Мұхамед Әли есімді жігіт ағасы айғай шыққан тұсқа қарай тұра жүгіреді. Келген бетте өрт орын алған пәтердің есігін ашпақ болғанда темір есік құлыптаулы болып шығады. Одан әрі ол өрт сөндірушілерге хабар беріліп қойғандығын құлағы шалып, қызыл жалынға оранып жатқан пәтер балконындағы өрттің одан әрі көрші пәтерлерге жайылу қаупін бағамдап үлгеріп, өрт сөндірушілер келіп жеткенге дейін қарап тұрмай, өзінің азаматтық борышы деп есептеп, шұғыл түрде №1 жертөлені ашып,  ұздындығы 40 метрлік шланганы суға жалғайды. Осы тұрғын үйдің жауапты азаматы (старший по дому) ретінде Мұхамед Әлидің қалтасында үнемі барлық кілт жүретін еді.  Осы уақытта жары Кәмшат та жанынан табылып, жанұшыра қолғабыс етеді. Одан әрі балконды бағыттай су шашуға кіріседі. Осы сәтте көршісі Ерболат есімді және өзге де жігіттер келіп жетіп, Мұхамед Әлиді қапсыра құшақтап, жоғары көтеріп, шашылған судың балкон ернеуінен әрі асып, өрттің жедел сөндірілуіне өз септігін тигізеді. Әрине, айтуға ғана оңай. Себебі бұл уақытта өршіген жалынның ыстығы бет шарпитын еді. Қолдары мен беттерінің жоғары температурадағы ыстықтан күюге шақ қалғандығына да назар аудармаған екі жігіттің бар көксегені өртті өзге пәтерлерге өткізбеу болатын. Бұлар тілсіз жаумен алысып жатқанда өзге көршілері қара түтінге көмілген подъездегі өзге тұрғындарды қауіпсіз орынға көшіре бастайды. Осы сәтте 5 шақырым жерден алып-ұшып өрт сөндірушілер де келіп жетіп, 17.02 де ауыздықтап, 17.05-те өртті толығымен  жояды. Кейіннен анықталғандай пәтер балконына жиналған автокөлік доңғалақтарынан басталған өрт пәтер ішіне лап қойып, төсек-орын мен киім шкафын да шарпыса керек. Бұл кезде үйде ешкім болмаған. Зардап шеккендер тіркелмеген және қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.

Осыған орай, ағымдағы жылдың 2 маусымында Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев Мұхамед Әлиді Алғыс хатпен марапаттап, қалыптасқан жағдайдағы жанкешті әрекеттері мен жанқиярлығы үшін шынайы алғысын білдірді.

 Әрине, «жау жоқ деме, жар астында», «апат айтып келмейді» деп жатады дана халқымыз. Ал осындай адам өмірі мен құнды мүліктерге қауіп төнген шақта өз өмірлеріне төнген қауіптен жасқанбай,  әрдайым азаматтық борышын бәрінен жоғары қоя білген, бағзы замандағы баһадүр батырлардың бүгінгі ұрпағы Мұхамед Әли мен Ерболат сынды азаматтар қашанда халық арасынан табылып жататыны көңілге қуаныш ұялатады. Ердің ісі қашанда елге үлгі.   

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close