Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда карантин талаптарын бұзған саудагерлер мен кәсіпкерлерге шара қолданылуда

Таразда өткен демалыс күндері карантин талаптарының сақталуын тексеру мақсатында тамақтану орындары, сауда орталықтары мен кәсіпкерлік нысандарға рейд жүргізілді.

Сенбі күні қала әкімінің орынбасары Асхат Есенғалив бастаған мобильдік топ кешкі 22.00-ден кейін жұмысын тоқтатпаған тамақтану мекемелері мен сауда орындарын аралады. Рейдке полиция басқармасының өкілдері мен тауарлар мен қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау басқармасы да қатысты.

Бүгінде бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Тараз қаласында карантиндік шаралар күшейтілген. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарына 50 адамнан артық кіргізуге және кешкі 22.00-ден кейін жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Есесіне жұмыс кезінде кез келген кәсіпкерлік нысан карантиндік талаптарды қатаң сақтауы керек. Ал талаптардың орындалуы арнайы құрылған 11 мобильдік топтың бақылауында. Мобильді топ мүшелері рейд жүргізіп, мониторинг жасап отырады. Осындай рейдтердің бірі жоғарыда айтып өткеніміздей, сенбі күні өткен болатын. Бір кештің өзінде сегіз жерден кемшілік анықталды. Мысалы, «Сәлем» кафесі.
– Рейд барысында «Сәлем» кафесіндегі қызметтік персонал медициналық қолғапсыз қызмет көрсетіп жүргендігі, келушілердің жағдайы мен бетпердесі тексерілмейтіндігі анықталды. Жалпы санитарлық нормалар толық орындалмайтындығына көз жеткіздік, – деді қала әкімінің орынбасары.

Бұдан бөлек көптеген кемшіліктерге кезіккен мобильді топ мүшелері хаттама толтырып, шара қолданды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close