Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғамӘлеумет

Тараздық дәрігер коронавирусты емдеу жолдары туралы айтты

Коронавирус жеңіл, орта, ауыр болып бөлінеді. Яғни, алғашқы сатысында дене қызуы көтеріліп, бастың ауыруы, жөтелу сияқты белгілері болып жатса дәрігерге хабарласып, видеоконсультация алуларыңыз керек. Бұл туралы Тараздағы №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі аймақтық дәрігері Роза Хахарова айтты. Тараз қалалық әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасында жарияланған видеода дәрігер короновирустық инфекцияның алдын алу, жіті репираторлық вирусты инфекция мен пневмонияны емдеу жолдары туралы кеңінен тоқталған.

Жалпы, пандемия кезінде коронавирустық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған жағдайда қандай маңызды жағдайларды өткізіп алмау керек екенін айтқан дәрігер, ең алдымен, алдын алу шараларына тоқталып өтті. «Барлығы қол жуудан басталады. Егер қол жууға мүмкіндік болмаса спирттік ерітінділері бар бутылкаларды немесе спирттік ерітінділері бар салфеткаларды қодануларыңызға болады. Сондай-ақ, бетпердені міндетті түрде тағу керек. Адамдар көп шоғырланған жерлерде маска тағып жүру керек», – деді ол.

«Егер температура жоғарылап, түшкүру, құрғақ жөтел, конъюнктивиттің белгілері, яғни көз ауруы, сондай-ақ, бұлшық еттердің ауруы, іш өтуі, буындардың ауыру белгілері байқалып жатса, міндетті түрде өзіңіздің учаскелік дәрігерге хабарласыңыз.

Ең бастысы, қатты қорықпау керек және антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қолдануға болмайды. Дәрігердің нұсқауын тыңдау қажет. Тек дене температурасы 38-ден жоғары болған жағдайда парацетамол немесе оның аналогтарын пайдаланып, сұйықтықты көптеп ішіп, қанды сұйылтатын тромбаАсс, кардиомагнилл, аспирин препараттарын қолдануға болады. Дәрумендерден С витаминін 1500-2000 дейінгі дозасында 1 таблеткадан күніне 3 рет ішуге болады. Егер дене қызуы 3 күн немесе одан да көп уақыт түспей, оған қоса іш өтсе, дәрігерге хабарласу керек. Сондай-ақ, күнделік жүргізіп, таңертеңгі және кешкі дене қызуын, тыныс алуын, жүрек қағысын, қан қысымын өлшеп, бақылап, оны жазып отырған абзал. Ол дәрігер сізге тиімді ем тағайындауы үшін қажет.

Сонымен қатар, вирусқа қарсы тамифлю, ингавирин, амизон препараттары кеңінен қолданылуда. Бірақ коронавирус инфекциясының толық зерттелмегеніне байланысты вирусқа қарсы препараттар қазір зерттелу үстінде.

Егер бас ауырып, жүрек айнып, құсып, ентігу пайда болатын болса, онда өздеріңіздің емханаларыңызға хабарласып, рентген, я болмаса басқа лабораториялық зерттеуден өтуіңіз қажет. Ол вирустық пневмонияны дер кезінде анықтап, емдеу үшін қажет.

Сондай-ақ, коронавирустық инфекцияның қауіпті топтары болады. Оған жүкті әйелдер, 5 жастан кіші балалар мен қосымша ауруы бар, яғни қант диабеті, жүрек қан айналым жүйесінің ауыруы, бүйрек жетіспеушілігі, т.б. осы тектес диагнозы бар науқастар жатады. Олар өте абай болуы керек. Себебі, асқыну қаупі болуы мүмкін.

Тағы бір айта кететіні, аурудың алдын аламыз деген оймен препараттарды көп ішіп жіберген адамдар да болды. Ол дұрыс емес. Тек дәрігердің нұсқауымен қабылдаған жөн. Өздігінен ешқандай дәрі қолданбауларыңызды сұраймыз. Өйткені, басқа органдардың асқынуына алып келуі мүмкін. Сондықтан, кез келген адам өз-өзін сақтап, маска тағып, дәрігер тағайындаған дәрілерді ғана қабылдауы керек. Егер емханаға хабарласа алмасаңыздар 1403 номеріне хабарласуларыңызға болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close