Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда карантин кезінде жұмыс істеген нысандарға шара қолданылуда

16 шілдеде Таразда карантин талаптарын сақтамаған, яғни тыйым салынған уақытта жұмыс істеген нысандарға кезекті рейд жүргізілді. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Рейд барысында қауіпсіздік шараларын сақтамаған орындар анықталып, оларға шара қолданылды.

Осылайша, Тараз қаласы әкімінің орынбасарлары жетекшілік еткен мобильдік топ қаладағы Қойгелді көшесінде орналасқан «Гараж» сыра дүңгіршегі, Жамбыл даңғылындағы «Мәди», Бәйдібек баба көшесі мен «Бәйтерек» (13) шағын ауданындағы азық-түлік дүкендері мен Абай даңғылындағы «Мета» бары карантин талаптарын бұзып, тыйым салынған уақытта жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Сондай-ақ, Сәтпаев көшесінде орналасқан «Нұралы» базарының аумағындағы дүңгіршектер де түнгі уақыттағы сауда-саттықты тоқтатпаған.

Аталған нысандар бойынша тиісті хаттамалар толтырылып, олардың иелеріне айыппұл салынды. Сондай-ақ, жоғарыда аталған «Мета» лоундж барында кәмелет жасына толмаған азаматтың даяшылық қызметте болғаны анықталды. Жасөспірімнің көңіл көтеру нысанында заңды өкілінің қарауынсыз жүруіне байланысты заң шеңберінде тиісті шаралар қолданылды.
Айта кету керек, дәл осы аталған лоундж барға рейд жүргізу кезінде жауапкершіліктен жалтаруға тырысу әрекеттері орын алған. «Мета» өкілдерінің нысан есігін ашпауына байланысты рейд жүргізушілердің төтенше жағдай қызметінің көмегіне жүгініп, есікті бұзып ашуына тура келді.

Өзіне ғана емес, өзгелерге де қауіп төндіретін мұндай заңсыздыққа төтеп беруді мақсат ететін рейдтер күнделікті жүргізіліп жатыр.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close