Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Таразда карантин талаптарын бұзған нысандарға шара қолданылды

Таразда карантин талаптарын бұзып, түнгі уақытта сауда жасаған және санитарлық сақтық шараларын сақтамаған нысандарға шара қолданылуда. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық әкімдік, полиция және СЭС өкілдерінен құралған мониторингтік топ шаһардағы кезекті рейд жұмыстарын жүргізді. Өкінішке қарай, түн мезгіліне сауда-саттық жүргізіп жатқан азық-түлік дүкендері әлі баршылық. Олардың кейбіріне бірнеше рет ескерту жасалғаны тағы бар.



Сонымен, мобильдік топ Тараздағы Әйтиев, Абай, Сүлейманов, Ниетқалиев көшелерінде жүргізген бақылау барысында аталған аумақта карантин талабын бұзған нысан анықталмаған. Алайда, Тәуке хан даңғылындағы бірнеше сауда нүктесі түн ауған шаққа дейін жұмыстарын жалғастыра берген. Мәселен, «Алатау» сауда-саттық кешені мен «Нұр» шағын маркеті карантин талаптарын сақтамаған. Тіпті, шағын маркет қызметкері тексеруші топты көрген бойда іште тұрған келушілерді сыртқа шығармастан дүкен есігін іштен кілттеп алған. ⠀

Сондай-ақ, карантинді елемеген дәмхана мен жылдам ас дайындайтын нүктелер де анықталды. Соның бірі – Желтоқсан көшесінде орналасқан «Маки Маки» суши дайындау орны. Мұндағы жұмысшылар санитарлық талаптарды сақтамай, ас әзірлегені және түнгі уақытта жұмыс жасағаны белгілі болды. Аталған заң бұзушылықтарды ескере отырып, нысанға қатысты тиісті шара қабылданды. ⠀

Жалпы, рейд жұмыстарының қорытындысы бойынша бірқатар нысан иелеріне ескерту жасалып, карантин талаптарын қайталап бұзғандарға айыппұл салынды.⠀

Айта кету керек, қалада орналасқан бассейндерге де тексеру жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, Тараздағы шомылу орнының ешқайсысы жұмыс істеп тұрған жоқ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close