Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғамӘлеумет

Аса ауылында тындырымды тірлік көп

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барып, Аса ауылындағы жаңадан бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен жан-жақты танысты, – деп хабарлайды Ақпарақ ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 – Әмбебап спорттық кешеннің құрылысы былтырғы жылы қыркүйек айында басталған болатын. Келісімшарт бойынша ағымдағы жылдың қараша айында аяқталуы тиіс. Алайда мердігер «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты қыркүйек айында толық аяқтаймыз деп отыр. Жұмсалған қаражат келісім шарт бойынша 507 миллион теңге. Қазіргі кезде ішкі әрлеу жұмыстарының барлығы біткен. Жалпы жұмыс 80 пайыз аяқталып отыр. Аудан көлемінде мұндай құрылыс нысаны бұрын-соңды болған емес. Кешеннің ішінде баскетбол, волейбол, тренажер залы, бокс, күрес залдары бар. Оған қосымша жаттықтырушылар мен медицина маманы отыратын арнайы бөлмелер қарастырылған. Ауласында да футбол, теннис, волейбол, баскетбол алаңшалары бар. Құрылыс жұмыстарын толығымен жергілікті азаматтар атқаруда. Қазір тек жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары ғана қалды, – дейді  аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев.

 Облыс әкімі спорт кешенінің жұмыстары аяқталғаннан кейін оның сыртына ел абыройын асқақтатқан танымал спортшылардың суреттерін ілуді тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы қайта жаңғыртудан өткен аудандық шығармашылық орталыққа бас сұқты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, білім мен ғылымды дамыту мақсатында қолға алынған жоба аясында іске асқан орталық алты бағыт бойынша жұмыс жасауда. Онда химия, биология, қолданбалы өнер, алғашқы медициналық көмек, аспазшы кондитерлік, автомоделдеу секілді қажетті салалар қамтылған. Орталық қазір Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының аумағында орналасқан. Осы ретте өңір басшысы мектеп-гимназиясына да ат басын бұрды. Аталған білім ұясының табалдырығын биыл 60 бала аттағалы отыр екен. Барлығын аралап, жіті қарап шыққан Бердібек Сапарбаев мектептің қасбетін, ауласын жөндеуді тапсырды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close