Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Шайқорықтағы су қоймасының аужайы

Сенбі күні 1 тамызда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды. Аудан халқын алаңдатқан ауыз су мәселесінен бастап, газ, жол, баспана және жаңа оқу жылына мектептердің даярлығын пысықтап, дәрігерлердің де жайын білді. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ең алдымен облыс әкімінің жұмыс сапары ауданға қарасты Шайқорық ауылында басталды. Мұнда өңір басшысы ауыз су мұнарасының жұмысымен танысты. Айта кетсек, бұған дейін ауыз су мәселесі ауыл халқының жанына батқан мәселенің біріне айналған-тұғын.

 Шайқорық су жүйесі бес елді мекенді қамтиды. 1290 абонент бар. Қазіргі жағдайда тұрғындардың тоқсан пайызы ауыз суды тұтынуда. Әзірге су халыққа уақытпен, яғни сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін берілуде. Өйткені елді мекендер балансқа алынғанымен судың тарифі әлі алынған жоқ. Су қоймасы жуырда іске қосылды. Мұнда мың куб су бар. Толығымен қамтылу халықтың өзіне байланысты. Себебі су әрбір тұрғынның үйіне дейін жеткізілген. Тек ішке кіргізіп алса болды. Су қоймасында қазір 3 адам тәулік бойы жұмыс жсауда. Штат бекітілгеннен мұнда он бес адам жұмыс жасайтын болады,-дейді облыстық «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев.

 Бердібек Машбекұлы құны 1,5 миллиард теңгеге жетіп жығылатын жаңа су жүйесі бола тұра жергілікті халықты тіршілік көзімен небәрі үш-ақ сағат қамтамасыз етуге болмайтынын, бұл өте аз көрсеткіш екенін ескертіп, судың сапасын бақылауды, ол үшін жұмысты жүйелеп, тұрғындармен бірге істі ілгерілетуді тапсырды.   

 Ал ауылдық округ әкімі Бақыт Садырбаевтың айтуынша, мұнда 7 мыңнан аса тұрғын бар. Шайқорық ауылдық округінде 28 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 24 көшеге 237 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 86 миллион теңге 4 көшеге бөлінген. Бүгінгі күнге 7 көшенің жұмысы аяқталған. Б.Сапарбаев жолдың сапасын басты назарда ұстауды тапсырды. 

 19 көшені жасап жатқан  «Жамбылгордорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Александр Поповтың айтуынша, мұндағы көшелердің  ең ұзыны шақырымды құрайды. Сондай-ақ мердігерлер екі жыл кепілдік беріп отыр. Және мердігер мекеме өкілдері  өздері салып жатқан жол кемінде 5  жыл ел игілігіне жарайды деп сендірді. Ал аудан әкімі Сәкен Арубаев жаңа жолдың сапасы арнайы зертханалық сынамадан өтпейінше қабылдап алмаймыз деді.

 Бүгінде ауылдық округ мәдениет үйі, пошта секілді әлеуметтік нысандармен қамтылған. 1974 жылдан бері талайға қара танытқан  Шайқорық орта мектебіне осыдан үш жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ауылдық округ әкімінің айтуынша мектепке су кіргізілген, кәріз жүйесіне де қосылған. Білім ұясы 640 орынға арналған.

 Алайда аталмыш мектепке бас сұққанда ауладағы спорт алаңшасының сұлбасы сын көтермеді. Ашығын айтқанда мектеп ауласы  көрген көзге қараусыз  қалғандай әсер қалдырды. Облыс әкімі оқу жылына дайындықты пысықтауды, ауладағы абаттандыру жұмыстарын дереу қолға алуды тапсырды. Мектеп директоры Алма Джатқанбаеваның айтуынша, өткен оқу жылында 52 түлек бітірген мектептің табалдырығын биыл 125 бала аттайды деген болжам бар.

«Қашықтықтан оқуға дайындалып жатырмыз. Бастауыш, жоғарғы сыныптар да қашықтан оқытылады. Бірақ бірінші сыныпқа келетін бүлдіршіндердің ата-аналары қашықтан оқуға ойланып отыр»,-деген мектеп директоры  мектептің асхана, акт залы, спорт залымен де таныстырып өтті.

 -Мен білім басқармасына тапсырма бергенмін. Мүмкіндігіне қарай бірінші сыныптың балаларын дәстүрлі түрде оқыту керек. Бала мұғалімді, сыныпты, тақтаны сезінуі қажет. Қашықтан оқытылса іргетасы солай қаланып қалады. Сонымен қатар бұл мектептен 46 жылдан бері қаншама азамат түлеп ұшты.  Сайтта  сол түлектердің барлығының мәліметі, жетістіктері  болуы қажет және олармен  байланыста болуларыңыз керек, – деді облыс әкімі.

 Шайқорық орта мектебінен қазір Tylek.kz  сайтына бар-жоғы он түлек тіркелген көрінеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close