Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда 54 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде

Ағымдағы жылы Таразда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 3025 пәтерді құрайтын 54 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 12 үйі келесі жылға өтпелі болса, 42 үйі ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Бұл туралы қала әкімі Айтқазы Қарабалаев Тараздың 2020 жылдың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасында айтты, – деп хабарлайды Ақпарақ ақпарат агенттігі.

Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда шамамен 8 мың 500 отбасына арналған 190 көпқабатты үйлерді құрайтын 15-ші мөлтек ауданы бой көтеруде. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 45 пәтерлі 15 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 60 және 80 пәтерлі 9 кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы қаржыландырылды. Жоғарыда аталғандарды қорытындылай келе ағымды жылы Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 45 пәтерлі 15 және 80 пәтерлі 1 арендалық үй, 60 пәтерлі 12 және 80 пәтерлі 10 кредиттік тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болады. 

          Сонымен қатар, ағымдағы жылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларына арналған «Арай» тұрғын алқабынан 45 пәтерлі 4 үй пайдалануға берілсе «Бәйтерек» мөлтек ауданында бір подъездік 15 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

          Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін 403 жер телімдері белгіленген. Осы жеке тұрғын үйлер бірінші кезекте жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтарға «Тұрғын – үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге  ұсынылуда.

          Бүгінгі таңда 255 жер теліміне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 мердігермен келісім – шарт жасалып, 20 котедждік үйлердің құрылысы аяқталып, оларға әлеуетті сатып алушылар анықталды. Осы жеке тұрғын үйлер жол, су және газ  желілерімен қамтамасыз етілсе, электр желілерімен қамту жұмыстары ағымды жылы іске асырылады.

          Аталған бағдарлама аясында, «Автобекет» аумағындағы 100 гектарда болашақта соғылатын 14-ші мөлтек ауданында 5 331 отбасына арналған 5 қабатты 33 үй, 9 қабатты 27 үй және 12  көпқабатты 5 тұрғын үй жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған алқап газ және байланыс желілерімен қамтамасыз етілсе, жылумен қамту жұмыстары ағымдағы жылы аяқталатын болады. Жалпы мұндағы инженерлік инфрақұрылымдарының құрылыс жұмыстарын 2021 жылы толығымен аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар аталған алқапта әлеуметтік инфрақұрылым нысандарыныңда құрылыстары жоспарланған. Атап айтсақ, әрқайсысы 1200 орынды 2 мектеп, 180 орынды 4 балабақша, 900 орынды көпсалалы  аурухана және 200 орынды онкологиялық аурухана.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close