Басты бетКоронавирусҚоғамӘлеумет

Жақындарымызға жанашыр болайық

Халқымыз алғашқы кезеңнен-ақ коронавирус індетіне қарсы тұрып, карантин шараларына бейімделіп, бір-біріне жұқпалы дертті таратпаудың алдын алу талаптарын қатаң орындады. Осыншама сақтық шараларына қарамастан, аты жаман дерттің қаупі толастамай, бүгінде осы індеттің құрығына іліккендердің бірқатары дер кезінде емделіп шықса, енді бірі орны толмас өкінішке ұшырап отыр.

Осындай қиын кезеңде елімізде балалар мен жастардың қауіпсіздігі үшін барынша жағдай жасалды. Мектеп, колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері оқуларын үй жағдайында жалғастырып, олардың білім алуына қажетті оқу-құралдары, кітапхана қызметі, т.б. электронды жүйеге ауыстырылды.

Бүгінгі күні халық Үкімет тарапынан жасалып жатқан барлық жағдайды, жеңілдіктерді біліп-көріп отырса да, айналасындағы жақын-жуық, таныс адамдарының ауырып жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Осындай жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы сұхбат беріп, елдің елдігі үшін, қазақ халқының болашағы үшін бір кісідей жұмылып, қиындыққа қарсы тұра білуіміз керектігін, мемлекет құрушы ұлт ретінде сенім-жігеріміз мықты болып, елімізді өркендету, көркейту тек өз қолымызда екенін айтып, алаңдаған жұртшылыққа қайта күш беріп, әр адамның бойына сенім ұялатты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев статистика бойынша вирус жұқтырғандар саны артқанын, алайда бұл өтпелі қиындық, уақытша сынақ екенін айта келіп: «Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғандығында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет», – деп, бейқамдыққа салынбай, дұрыс сақтансақ қана айналамыздағы адамдарға, жақындарымызға вирус жұқтырып алмаудың алдын алуға болатынын, карантин режимін қатаң сақтау керектігін ескертті.

Қорыта айтқанда, елдің алдағы өмірге нық сенім мен батыл қадам жасауына күш берген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сұхбаты осынау қиын кезеңде бізге қолдау ғана емес, жарқын болашаққа деген даңғыл жол болды. Сондықтан осы індетті жеңу үшін сақтық шараларын қатаң ұстанып, жақынымызға жанашыр болып, ел дамуына үлес қоса білейік.

Ернар Тәжібаев, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Жамбыл аудандық комитетінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close