Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында ауызсу мәселесі шешімін тауып келеді

Елімізде таза ауызсу күрделі мәселеге айналған. Оның ішінде ауданымыз да бар. Дегенмен, өзге аудандарға қарағанда Жамбыл ауданының жайы жақсы десек те болар. Ауызсумен 23 ауыл қамтылған.
Кеше біз Аса ауылындағы жаңа бір көшеге су құбырын жүргізіп жатқан «Аса-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемесінің жұмысына куә болғанбыз.
Жұмыс басынан осы мекеменің басшысы Марат Бұралқиевті кезіктіріп, әңгімеге тартқанбыз.
– Біздің кәсіпорын стратегиялық объект болып табылады. Біз, негізінен, су құбырын және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысамыз. Нақтырақ айтсам, кәсіпорын жерасты суын өндіріп және тазартып, халықты ауызсумен қамтамасыз ету, сорап стансаларына және су сорғыларына ағымды жұмыстар жүргізу, су есептегіш құралдарын орнату, жерасты суын пайдаланудың тиімділігін арттыру және үнемдеу, өнімсіз шығынды кеміту шараларын іске асыру, толық шаруашылық есеп жүргізу қызметтерін атқарады.
Есеп демекші, ауызсу және кәріз суының бағалары «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының және табиғи монополиялар субъектілерінің талаптарына сай белгіленеді.
Мақсатымыз аудан тұрғындарына қызмет көрсету болса, бұл жолда мекеменің 33 адамы, яғни, негізгі өндірісте жұмыс істейтін 27 жұмысшы, 6 кеңсе қызметкері бар. Біз аудан бойынша 23 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз етеміз. Жалпы су құбырының аудан бойынша ұзындығы 477,1 шақырымды құрайды. Ауданда 27 су стансасы бар. Аса ауылында Жамбыл облысы бойынша биологиялық тазарту стансасы жұмыс атқарады.
Біздің сала бойынша күрделі мәселе бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Мәселен, Ерназар, Өрнек, Қаракемер, Ақбұлым, Қызылқайнар, Бектөбе, Қызылшарық ауылдарындағы ауызсу құбырының тозығы жеткен. Су сорғылары және құрал-жабдықтары, электр құрылғылары, су құбырлары істен шығып, ағымды және күрделі жөндеуді қажет етеді. Айтпақшы, ағымдағы жылдың мамыр, маусым айларында Бірлесу-Еңбек ауылында 800 метр, Аса ауылында 900 метр су құбырын жүргіздік.
Біздің жұмысшылар уақытпен санаспай еңбек етіп келеді. Тіпті, сенбі, жексенбі күндері де жұмыс атқарады. Айтуға тұрарлық тағы бір мәселе, суды тұтынушылар судың ақысын уақытында төлеп тұрса құба-құп болар еді, – деді.
Марат Әсембекұлының бұл уәжін біз де жөн көрдік. «Судың да сұрауы бар» деген сөз осындайда айтылса керек.
Жамбыл ауданы баспасөз қызметі

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close