Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Ауыл – берекенің бастауы

Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген нақыл сөз бар. Ауыл ажары, көшелер келбеті, тұрғын үйлердің тазалығы елдің елдігін, береке-бірлігін айқындайды, қарапайым халықтың ауызбіршілігін көрсетеді. Қашанда біз үшін ауыл – ұлттық құндылықтарымызды сақтаған, берекесі артқан киелі мекен. Оның топырағы да, тауы мен тасы да ыстық. Олай болса, ауданымызда ырыс-дәулеті тасыған ауылдық округтердің бірі – Гродиковоның тыныс-тіршілігімен тереңірек танысуды жөн көрдік.
Гродиково ауылдық округі
Береке-бірлік бар жерде…
Ауылдық округ – аудандағы өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған елді мекен. Бүгінде округте 1319 аула, 6841 тұрғын бар. 25-ке жуық ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ауылдық округ әкімі аппаратында 8 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Сонымен қатар округ тұрғындарына 1 дәрігерлік амбулатория, 15 дүкен, 1 дәріхана, 2 мешіт, 1 ветеринариялық пункт қызмет көрсетеді. Округте 6 көкөніс сақтайтын қойма, 1 жылыжай, 1 шұжық өндіретін цех, 13 жанармай құю стансасы бар. Ауылдағы 2 мектеп, 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жасөспірімдерді білім мен тәрбиеге баулуда.
Ауылдық округ әкімі аппаратының 2020 жылға жоспарлаған шығыстары 407 млн 101 мың теңге болса, оның бүгінде 323 млн теңгесі игерілді. Қалған қаржыны да жыл соңына дейін 100 пайыз игеретін боламыз.
Ауыл тұрғындарының өмірі мал, егін шаруашылығымен тығыз байланысты. Әсіресе, асыл тұқымды мал өсіруге, мал бордақылауға, соның арқасында жаңа жұмыс орындарын ашуға несиелер берілуде. Баршаға мәлім, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары бойынша ауыл тұрғындары несие алып, жұмысын жандандыруда. Биыл мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланған «Акбар» фермерлік шаруа қожалығы аграрлық кредиттік корпорациясы акционерлік қоғамынан 80 млн 20 мың теңге несие алып, 103 бас мүйізді ірі қара, 2 трактор және ауыл шаруашылығына қажетті техникаларын сатып алды. Қазіргі таңда округтегі тұрғындарда 3807 бас мүйізді ірі қара, 7197 бас қой-ешкі, 215 бас жылқы, 1845 шошқа, 2500 үй құсы бар. Биыл ата кәсіпті нәсіп етіп отырған «Талисман» шаруа қожалығы 50 бас, яғни, 0,8 тонна қозы етін өткізді.
Ауылдық округте жыл өткен сайын мал басы өсуде. Әрине, бұл жақсы. Бірақ, шешімі табылмай тұрған проблема да жоқ емес. Қазіргі таңда округте жайылымдық жердің аумағы тар. Бұл мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға айтарлықтай қиындық тудыруда. Мал жайылымының жалпы аумағы 17388 гектарды құрайды.
Ауылдық округ – егін шаруашылығына өте қолайлы өңір. Тұрғындардың басым көпшілігі ризығын осы саладан айырып отыр. Округте 1 өндірістік кооператив пен 157 шаруа қожалығы тұрақты жұмыс жасайды. Биыл диқандар 90 гектарға картоп, 2015 гектарға көкөніс, 380 гектарға көпжылдық шөп, 235 гектарға жүгері екті. 376 гектар бидай мен 1915 гектарға егілген жаздық арпа толығымен жиналып алынды. Осы ретте айта кететін жайт, бүгінде 6 шаруа қожалығы су үнемдеу технологиясына ден қойған. Яғни, 227 гектар алқап тамшылатып суарылады. Оған диқандар 160,7 млн теңге жұмсаған. Бұл шаруа округте келер жылы да жалғасын таппақ. Су үнемдеу технологиясына қызығушылық танытып отырған диқандар көп.
Округте ауыл шаруашылығы техникаларының сапасы мен саны да артып келеді. Биыл «ТИК» шаруа қожалығы 2 млн теңгеге 1 тұрмыстық вагонын, «Рыбалко А» шаруа қожалығы 14 млн 420 мың теңгеге 1 Беларус-1221.2 тракторын, «Надежда» шаруа қожалығы 8 млн 130 мың теңгеге 1 Беларус-892 тракторын, «АТБ» шаруа қожалығы 8 млн 50 мың теңгеге 1 Беларус-892 тракторын, «Баялиев» шаруа қожалығы 2 млн теңгеге 1 тұрмыстық вагон сатып алды.
Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанда индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы екені белгілі. Осыған орай халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Мәселен, «Тимофеев» шаруа қожалығының төрағасы Андрей Тимофеев ауылдың экономикасына қарқынды серпін беріп отыр. Олардың техникаларының дені жап-жаңа, бүгінгі заман талабына сай.
Ал, ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды және мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиелерді ұтымды пайдалануда. Осы уақытқа дейін 5 азамат қайтарымсыз несиеге ие болса, 2 азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Ауылымыз өзге ауылдарға қарағанда көш ілгері деп айта аламын. Округте тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандардың барлығы қажетті деңгейде жұмыс істеуде. Балабақша мәселесі толық шешілді. Ауыл тұрғындары 2016 жылдан бері таза ауызсуды тұтынады. Ал, талай жылдан бері жырға айналған жол мәселесі биыл оң шешімін тапты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 278 млн 492 мың теңгеге ауылішілік 22 көше жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда 19 көшеге асфальт төселіп, жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған 3 көше жақын күндері жөнделіп бітеді.
Ауылда жұмыссыз жүрген азаматтардың қарасы да жыл өткен сайын азайып келеді. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 47 азамат жұмысқа тартылды. 41 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты.
Мемлекет тарапынан тағайындалған әлеуметтік төлемдер де дер кезінде төленуде. Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақылармен қатар түрлі көмектер көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда ауылдық округте 22 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» жобасы да сәтті жүзеге асуда. Қазіргі таңда іргетасы қаланып, қабырғасы тұрғызылған үйдің құрылыс материалдарына жергілікті тұрғындар мен ауылдың белсенді азаматтары атсалысуда. Ал, құрылыстың қарқын алуына ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері қолұшын созуда. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтап, бір отбасына қуаныш сыйлайтын боламыз.
Жалпы, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жаман емес. Тұрғындардың көңіл күйі де тұрақты. Береке-бірлігі жарасқан гродиковолықтар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттердің ауылға қатысты тұстарын ауыл ахуалын арттыру мақсатында пайдаланып келеді, пайдалана да бермек.
Болат ҚОЖАБЕКОВ,
Гродиково ауылдық округінің әкімі

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close