Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Бірқатар мәселе талқыланды

Бүгін Жамбыл ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселе жан-жақты талқыланды.
Аудан басшысы Сәкен Арубаевтың төрағалығымен өткен басқосуға құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Қайрат Аманов, жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов, Тараз әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы басшысының орынбасары Заңғар Кемелов бар жұмысшы топ «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне егістік жердің берілмегенін, аталмыш жобаның жақсылығын көріп отырған округде өндірілген өнімдерді «алқаптан сөреге дейін» тарауы арқылы өткерудің төмендігін, ұсақ шаруашылықты агрохолдингке біріктіру қажеттігін, ауыл шаруашылық техникалары тұратын қойманың тапшылығын, жеңілдетілген несиенің тиімділігін түсіндіріп, жоғарыда қаузалған мәселелерге атүсті қарауға болмайтынын айтып, дабыл қақты.
Бұл тұрғыда сөз алған аудан әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы анықталған кемшіліктердің негізгі себептеріне тоқталып өтті.
– Бесағаш ауылдық округінің тұрғындары қанатқақты жобаны жандандыруға барынша үлес қосуда. Үй іргесіндегі жер телімін тиімді пайдаланып отырған бесағаштықтар жұмысқа арқа көрсетуі мүмкін емес. Ал егістік жердің жетіспейтінін тілге тиек етер мәселе. Сынақ орталығы саналатын егістікті теңгерімге алу үшін қақпаған есік, баспаған тау қалмады. Қолайлы жерден орын тепкен егістікке қожайындар өнім де екпейді, қолайлы пайдаланбайды да. Бұл мәселені бірлесіп, жерді халық игілігіне беру жағын шешкеніміз жөн. Қанатқақты жобаның екінші бағыты бойынша сатып алынған техникалардың орны әзірленген. Құжаттары да дайын. Сондай-аө жеңілдетілген несие бойынша аудан орталығында «Жасмин» сауда орталығымен келісім жасалды, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.
Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Сәкен Арубаев агрохолдингке шаруа қожалықтарын біріктіру ауыл шаруашылығына тың серпіліс әкелетінін, аудан тұрғындарына бұл жобаның тиімділігін жіті түсіндіру үшін алдағы уақытта осындай жиынды ұйымдастырудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар қанатқақты жобаға лайық деп танылған Бесағаш ауылдық округі аудан әлеуетін көтеру үшін еңбек ететінін, ауыл әкімі мен ауыл шаруашылық коперативтерінің төрағалары белгіленген межені еңсеретініне сенім білдірді.
Жиыннан соң жұмысшы топ жеңілдетілген несие туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Басқосуға Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нигматтулаев, бірқатар бөлім басшылары мен кооператив төрағалары қатысып отырды.
Ақжігіт Жетпісбай,
«Шұғыла».

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close