Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жылу беру маусымына дайынбыз ба?

Сейсенбі күні Жамбыл ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтің төрағалығымен күзгі-қысқы жылу беру маусымына дайындық шаралары жөніндегі штабтың отырысы өтті.

Аудан көлемінде жылу беру маусымына жергілікті бюджеттен 286,2 млн теңге қарастырылған, оның ішінде табиғи газға 13,9 млн, көмірге 46 млн, электр энергиясына 44,2 млн және орталықтандырылған жылу жүйесіне 164,1 млн теңге бөлінген.
Күн тәртібіндегі мәселе – 2020-2021 жылдары жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбеков баяндама жасады. Оның сөзіне сүйенсек, білім беру саласында 163 мекеменің 37-і газбен, 26-сы көмірмен жылытылады. Білім беру мекемелерін көмірмен қамтамасыз ету мақсатында 2420 тонна қатты отын сатып алуға өтінім берілген. Ағымдағы жылдың 21 сәуірінде жасалған келісімшартқа сәйкес «Energy-Taraz» жеке кәсіпкерлігімен қатты отынды үстіміздегі жылдың 13 тамызынан бастап 20 қыркүйегіне дейін тасып беру көзделген. Бүгінгі күнге 2057 тонна көмір тасымалданған.
Сол сияқты ауданда қыс маусымына дайындықты қажет ететін 48 мәдени нысан – аудандық Мәдениет үйі, 29 кітапхана, 18 ауылдық клуб бар. Мәдени ошақтардың 18-і газбен, 30-ы көмірмен жылытылады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында 36 медициналық мекеменің 20-ы газбен, 16-ы қатты отынмен жылытылады. Осы орайда облыстық бюджеттен 3,3 млн теңгеге 180 тонна көмір сатып алу жоспарланған. Қыркүйек айына дейін «ABI Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көмірді толық жеткізетін болады.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігінің білім, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен денсаулық сақтау мамандары аудандағы жылумен қамтамасыз етілетін нысандардың қазандықтары бүгінде қандай күйде екенін және оларға қандай жөндеу жұмыстары қажет екенін айтты.
Штаб төрағасы Нұрлан Несіпбеков жылу беру маусымы басталғанға дейін орын алған олқылықтардың орнын толтыру бойынша ауыл әкімдеріне, мекеме басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Мақсат Жұмабаев.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close