Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Мақтанышым — өркені өскен өлкем

– Халқымызда «Ұлтарақтай болса да ата қоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат» деген қанатты сөз бар. Бұл сөз әр адамның туған өлкесі, өніп өскен жері өзіне ерекше қымбат екендігін білдіреді. Менің туған өлкем Шайқорық ауылы туралы да осылай айтқым келеді.

Тарих қойнауын ақтарсам, округ орталығының іргесі 19 ғасырдың 2-жартысында қаланған. 1929 жылы өңірде Шайқорық ұжымшары ұйымдасты. Кейіннен 1953 жылы “Бесжылдық” ұжымшарына қосылды. Ертеде қазіргі осы мекенде шай шөбі өскен. Оны жергілікті тұрғындар қорып, күткен. Шайқорық деген атау содан қалған. Ауа райының, экологияның бұзылуына байланысты қазіргі кезде өспейді, – дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев.
Жамбыл ауылдық округінің құрамына Шайқорық, Бесжылдық, Қапал, Қоңыртөбе, Танты ауылдары және Шайқорық темір жол стансасы кіреді. Аудан орталығына дейін 15 шақырым. Аула саны – 1293, халық саны – 7310 адам. Мұнда 14 ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде.
Округте жолдардың жүйесі шешімін тапқан. Мәселен, жалпы саны 47 көше бар болса, оның 7-уі бүгінгі күнде асфальттанған. Ағымдағы жылы Бесжылдық ауылындағы Ж.Жантеліұлы көшесі орта жөндеуден өткізілді. Таза ауызсу мәселесі де шешілген. Айталық, округке қарасты 5 елді мекенге 2019 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд 400 млн теңге бөлініп, бүгінгі таңда су жүргізу жұмыстары толығымен аяқталды.
Бесжылдық ауылынан өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін тұрғын үйге 115 жер учаскесін тарату үшін көлемі 32,2 гектар алқапқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жүргізу қолға алынды. Оған мемлекет тарапынан 14 млн 200 мың теңге, оның ішінде аудандық бюджеттен газ, электр қуаты, көше жолдары жобасына 2 млн 200 мың теңге қаражат бөлінді. Бүгінде жобалау жұмыстары жүргізілуде. Әрбiр баспана электр жарығымен қуаттанғанымен, жарық жүйесі толық қалпына келтірілді деуге ерте. Себебі, округке қарасты М.Маметова, Балдырған, Қырман, Бәйтерек, Қарасаз, Ынтымақ, Теректі, Ташметов, Желтоқсан, Телеу, Қонаев көшелеріндегі электр жарығын тарататын трансформаторлардың қуатының аздығы жарықтың жиі өшуіне себеп болып отыр. Тұрғындарға қолайсыздық туғызбау үшін құрылғыларды жаңарту немесе жаңа трансформаторлармен алмастыру жағын қарастырудамыз.
Шайқорық, Танты елді мекендерінің айналасындағы канал дренаждарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 36 млн 646 теңге бөлініп, жер асты суларының тұрғындардың аулаларына көтерілмеуі үшін және шаруаларға су жеткізу мақсатында механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді.
Білім саласында да жағдай жақсы. Сөзіме дәлел болсын, балаларды мектепке дейін тегін алып баруды және кері алып қайтуды қамтамасыз етуге 3 млн 153 мың теңге бөлініп, жыл қорытындысымен толық игерілді.
Ауыл шаруашылығы жайлы айтар болсам, егістік жерлер – 3244,32 гектар, көпжылдық екпелер – 523,35 гектар, жайылымдық жерлер – 3560,86 гектар, шабындық 160 гектарды құрайды. Округ бойынша 215 шаруа қожалығы бар. Оның 199-ы егін шаруашылығымен айналысса, қалған 16 қожалық мал өсіріп, кәсібінен нәсібін табуда. Мал басы өсіп келеді. Округте 3450 бас мүйізді ірі қара, 940 бас жылқы, 5560 құс және 11350 бас уақ мал бар. Егін шаруашылығындағы істердің де ауқымы кең. Биыл күздік бидай 10 гектар, жаздық арпа 942 гектар, дәндік жүгері 178 гектар, майлы дақылдар 134 гектар, қант қызылшасы 13 гектар, картоп 35 гектар, көкөніс 502 гектар, бақша 108 гектар және мал азығы 1485 гектар жерге егілді. Округте астық жинайтын комбайн, 15 камаз, 20 ЗИЛ, 7 ГАЗ-53 жүк көлігі және 22 трактор бар.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша жалпы сомасы 79 млн 615 мың теңгеге 19 азамат әртүрлі бағытта – оның ішінде мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, кірпіш шығаратын құрылғы және шырын құятын банкі шығару құрылғысы үшін несие алған. Жаңа кәсіпкерлік негіздерін ашып бастауға округтен 24 азамат әрқайсысы 505 мыңнан жалпы құны 12 млн 120 мың теңгені құрайтын қайтарымсыз несие алды. Ауыл тұрғындарының жылдан жылға кәсіп ашуға деген белсенділігі экономикамыздың өсуіне септігін тигізіп жатқанын жоғарыда айтылған статистикадан байқауға болады.
Елімізде тұрмысы нашар және толық емес отбасылар мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілгені белгілі. Осы жүйе аясында өңірде көпбалалы отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына арналған жәрдемақы 2020 жылға 1676 адамға берілсе, шартсыз ақшалай қаражат 70 адамға тағайындалды. Жалпы алғанда 336 отбасы 158 млн 471 мың теңге көлемінде көмек алды. Айта берсек, ауыз толтырып айтатын ізгі істер жетерлік. Ең бастысы, «Қайырымды істің қайыры көп» деген ұлы сөзді жанына серік еткен қожалық басшылары мен жеке кәсіпкерлер округке қарасты ауылдардағы аз қамтылған, жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бір реттік көмек, мерекелер қарсаңында әлеуметтік пакеттер, күн суығанда қатты отын – оның ішінде ағаш, көмірді өз демеушілігімен мұқтаж жандарға беруді әдетке айналдырған. Бұл – бірлігіміздің айқын көрінісі.
Білімді жастардың өрісін кеңейту мақсатында Шайқорық ауылдық кітапханасында «Цифрландырылған ақпараттық орталығы» ашылды. Жалпы алғанда қор 18661 кітапты құрайды.
Спорт саласында да серпін бар. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Шайқорық ауылында соңғы үлгідегі заманауи шағын футбол, волейбол, баскетбол ойнауға арналған алаңдар соғу үшін 13 млн теңге бөлініп, былтыр ауыл тұрғындарына пайдалануға берілді. Одан бөлек, Шайқорық орта мектебінің маңындағы саябаққа 2 млн теңгеге стритворкаут салынып, сахна алдына шағал төселді. Сондай-ақ округ орталығында үлкен ареналардан кем түспейтін «Бақытжан Ташметов» атындағы спорт кешені бар. 2017 жылы пайдалануға берілген нысанда еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо, самбодан жаттығулар өтіп тұрады.
Демографиялық жағдайымыз да жақсы. Айталық, округте 36 алтын алқа, 25 күміс алқа иегері тұрады.
Округте діни ахуал тұрақты. Бүгінде 3 мешіт 1 намазхана жұмыс атқарады. Барлық діни орындарда бейнебақылау камералары орнатылған. Жылу жүйесі тартылған.
Туған ауылымның көркейiп, гүлденiп жатқаны мен үшiн үлкен қуаныш. Әрбiр отбасы өз тiршiлiгiн жасап жатыр. Жұмыс көп, жастардың бос сенделiп жүруiне жол жоқ.

Бақыт САДЫРБАЕВ,
Жамбыл ауылдық округінің әкімі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close