Білім көкжиегіБасты бетЖаңалықтар

Білім ордасы есігін ашты

Жамбыл ауданына қарасты Бесағаштың тұрғындары үшін күз айының алғашқы күні ерекше леппен басталды. Тағатсыздана күткен 300 орынды №6 мектеп-гимназия оқушыларға есігін айқара ашты.

Құны 1 млрд 286 млн 866 мың теңгеге салынған ғимараттың құрылысын «ТаразҚұрылысДизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үйлестірген. Көздің жауын алар сыртқы келбетіне қарап, білім ошағының ішкі құрылымын тамашалауға асығасың. 4 гектар аумақты алып жатқан мектепте заманауи технологиялармен жабдықталған 22 пән кәбинеті, үлкен және кіші футбол алаңы, спорт залы да орын тепкен. Сыныптарда санитарлық талаптар қатаң сақталған. Яғни, оқушылар әр партаға біреуден ғана отырып, дәріс алады.

Мектеп тәрбиеленушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нысанда 20 нүктеге бейнебақылау камералары орнатылған.
Білім күні қарсаңында берілген білім ордасының салтанатты ашылуына, халықтың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келді. Аудан әкімі Сәкен Арубаев, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нигматуллаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетовте осында.
Шарада аймақ басшысы сөз алды.
– Құрметті ата-аналар мен оқушылар! Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз алғаш рет жаңа оқу жылын қашықтықтан оқытуды бастады. Өңірімізде бұл форматқа дайындық жұмыстары пысықталып, жан-жақты қаралды. Ғаламторлары жоқ ауылдарға сымсыз роутерлер жөнелтілді. Бастауыш сыныптар дәстүрлі түрде тәлім алуын жалғастыра бермек. Біздің ендігі межеміз – білім алуға ұмтылу, мектеп табалдырығынан бастап тың идеяларды жүзеге асырып, жаңашылдыққа бағыт алу қажет Мемлекетіміз жасөспірімдердің болашағына серпіліс әкелу мақсатында қабырғалы жобаларды қолға алып, тиімді бағдарламаларды жүзеге асыруда. Еліміздің әлеуетін көтеру, өздеріңіздің қолдарыңызда, – деді облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы.
Мұнан соң облыс әкімі бастаған топ оқушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, пән кәбинеттерін аралады.
Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданының баспасөз хатшысы

Тақырып бойынша мақалалар

Тексеру

Close
Close
Close