Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіп

Жоба аясындағы кездесу

Облыс әкімінің бастамасымен облыс аумағындағы өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аудандарда зерделеу, талдау жұмыстарын жүргізу және жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету шараларын қамтамасыз ету мақсатында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты – ұлтаралық қатынастарды нығайту, халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау және шешу.

Жобада көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін «Ақпараттық түсіндіру», «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу», «Ауылда бизнесті дамыту», «Діни мәселелер», «Құқық қорғау саласы» секілді бағыттар бойынша арнайы бес жұмыс тобы құрылды. Әрбір жұмыс тобының тізімдері бекітіліп, оған тиісті ведомстволардың бірінші басшылары мен салалық мамандар енді. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға әр елді мекеннің ең ауқымды мәселелерін зерттеп, жергілікті тұрғындарды толғандырып, алаңдататын мәселелерді анықтауды тапсырды.
Дүйсенбі күні «Ауылда бизнесті дамыту» тобы ауданымызда болды. Ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесті. Жұмысшы топтың жұмысы Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы «Өнер мектебінде» ауылдық округ әкімдерінің, бөлім басшыларының қатысуымен өткізілген жиыннан бастау алып, Ащыбұлақ ауылында жалғасты. Ауылдық клубта өткен кездесуге ауыл шаруалары, кәсіпкерлер қатысты.
Басқосуда топ жетекшісі, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркін Атымтай сөз сөйлеп, мән-жайды жете түсіндірді.
– Ауыл – асыраушы сала. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлінуде. Ауылды жерлерде кәсіппен айналысу, кәсіпкерлікті дамыту бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Талапты орындау – бәрімізге ортақ іс. Бұл бағытта облысымызда бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Бейбітшілік пен келісім» жобасының бір бағыты кәсіпкерлер мен шаруаларға арналған. Мақсат – кәсіпкерлікке қолдау білдіру, кәсіпкерлерге көмек көрсету, – деген Еркін Садуақасұлы шаруалардың кәсіп ашу, оны кеңейту үшін несие алу бойынша қойған сұрақтарына нақты жауап берді.
Келелі кездесуге аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыжан Төлендиев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев қатысып отырды.
Кездесуден кейін жұмысша топ аудан аумағындағы өндіріс орындарын аралап көрді. Жауапты тұлғалармен жүздесіп, әңгімелесіп, нысандардағы тыныс-тіршіліктен құлағдар болды.

Ильяс Қалыбеков,
Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close