Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Су үнемдеу – бүгінгі күннің талабы

Негізі, егіндікті арық арқылы суару жүйесі Кеңес үкіметі тұсында қалыптасқан. Келе-келе жаңбырлатып және тамшылатып суаруға көштік. Енді, міне ауданымызға «дискретті суару» жүйесінің қосылатын түрі бар. Сонда бұл жүйенің ерекшелігі неде? Осы сауалға жауап іздеп сәрсенбі күні «Қызыл диқан» өндірістік кооперативінің қызылша алқабында «SMEC International ltd» ПУИД-2 жобасы аясында су шаруашылығы Қазақ ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, «Дискретті су жүйесінің құрылымы, тиімділігі» жайында өткен дала семинарында қозғалған әңгімеге құлақ түргенбіз.

Семинар-кеңесте сөз алған жоба жетекшісі Павел Калашников пен куратор Әбілек Қуанышбеков бұрынғы су жүйесінен бұл жүйенің ерекшелігіне жеке-жеке тоқталды. Ерекшелігі сол, бұл жүйе судың үнемделуіне бағытталған. Үнемделетініне көңіл аударсақ, семинар-кеңесті ұйымдастырғандар кооперативтің қызылша алқабына келетін су арық-атыз арқылы емес, бас арықтан аққан суды арнайы материалдан жасалған құбыр арқылы су сорғыш агрегатпен алқапқа жеткізіледі. Одан ары қондырғыға жалғанатын кішігірім құбырды жүйектің бас жағынан тастайды. Одан соң аққан су жүйекпен ары қарай ағып кете барады.
Бұл жерде судың үнемделетіні 3-4 шақырым жерде орналасқан каналдағы суды жол жөнекей шығын шығармайтын осы қондыр­ғымен жеткізуінде болып тұр. Шындығында, су арық арқылы емес, құбыр арқылы алқапқа жет­кі­зілсе, диқандардың су үнем­деуі­не, уақыт жоғалтпауына, мол өнім алуына көп септігі тиері анық.
Осыны жете түсінген кооператив төрағасы Нуритдин Бегманов пен ауыл әкімі Асылбек Қонаров жобаны құптап, қуаттады. Бұл «дискретті суару» жүйесі туралы басқа өңірлердегі әріптестерінен естіп-біліп, жыл басында жоба жетекшісімен келісімшартқа отырып үлгерген.
Алдағы уақытта қызылдиқандықтар бұл жүйені қолданып көрмекші. Бүгіннің өзінде Нуритдин Әбілекұлы мен орынбасары Жақсыбек Жамансариев бес гектар қызылша алқабына осы әдісті қолданып көрді. Олардың ойы – суды үнемдеудің жолын табу. Өйткені, су үнемдеу – уақыт талабы.

Дүйсенбек Орманов,
Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close