Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Саябақта өткен семинар

Отбасы күніне орай, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Қ.Рысқұлбеков саябағында семинар өтіп, онан көпбалалы аналар мен жалғызбасты әйелдер қатысты. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова ашты. Ол отбасындағы әйелдің рөліне, жалпы қоғамдағы белең алып отырған мәселелерге тоқталды.

– Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – отбасында да, қоғамда да өз орнын тауып, өз кәсібімен көпке үлгі болып жүрген қыз-келіншектермен кездесіп, іскер әйелдердің өмірлік қағидаларын біліп, сіздерге қажетті сала мамандарының тегін кеңесін алу. Семинар еркін әрі ашық форматта болғандықтан, көкейдегі сауалдарыңызды жолдап, бизнес бастаудың қыр-сырымен танысуға барлықтарыңызды шақырамын, – деді Ұлана Сламбекқызы.

Жалпы семинарда сан түрлі тақырып ортаға салынды. Алдымен сөз алған кәсіпкер, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Меруерт Лештаева отбасы, ошақ қасында өз бизнесін дамыту, табыс табудың құпияларымен бөлісті. «Гауһартас», «Інжу-маржан» мейрамханаларының иесі өзінің өмір жолы мен бизнесті қалай бастағандығы туралы кеңінен айтып, қыз-келіншектерді қандай іс болсын қорықпай, батыл бастауға шақырды. Ал «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының Ассоциациясы» ЗТБ төрайымы Айнұр Заурбекова мен қалалық мәслихаттың депутаты, көпбалалы ана Әмина Қайназарова қоғамдағы әйелдің рөлі жайында және жан-жақты табыс тауып, отбасына да, өзінің сүйікті ісіне де уақыт жеткізудің қыр-сырын бүкпесіз айтып берді.

Бүгінгі таңда онлайн жұмыс жасаудың тиімділігі пандемияда қатты білінді. Әсіресе, кәсібін дөңгелеткісі келетіндер үшін әлеуметтік желі таптырмас құрал көзі болды. Иә, жиында да «Бастау Бизнес» жобасы туралы да кеңінен сөз болды.

– «Мен өз ісімді бастағым келеді, бірақ жеткілікті қаражат жоқ!» – бұл жас кәсіпкерлер тарапынан жиі айтылатын шағымдардың бірі. Бәрінің ойында жақсы идеялар бар, бірақ ешқайсының оны жүзеге асыруға шамасы жетпейді. Өйткені ол үшін көп мөлшерде ақша керек. Негізінен табысты кәсіпкерлердің дені өз бизнестерін алдымен аз ақшамен бастаған. Ел арасындағы «Ақшамен кәсіпті кез келген адам алға жылжыта алады, ал шын мықтылар ақшасыз да іс бастай береді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Егер ақшаңыз жоқ, бірақ идеяңыз болса «Еңбек» бағдарламасына қатысып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсібіңізді дөңгелетуіңізге мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы курстан өтіп, сертификатты қорғап, Үкімет тарапынан берілетін қайтарымсыз несиені алу керек. Иә, сіздерге мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Сол мүмкіндіктерді мүлт жібермеңіздер, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Дана Ералиева.
Семинар барысында «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және микроқаржыландыру» және «Бақытты отбасының құпиясы» туралы кеңінен талқыланып, мамандар кеңес берді. Сондай-ақ еркін форматтағы шараның соңы сұрақ-жауапқа ұласты.

– Мен көпбалалы анамын. Негізгі мамандығым – ұстаз. Әрине, пандемияға байланысты онлайн оқуды да үйрендік. Бүгінгі шарада өзіме қажетті құнды ақпараттарды алып, керегін түртіп отырдым. Үйде отырған қыз-келіншектерге мұндай шаралар мотивация береді, алға жетелеп, өмірін өзгертеді деп сенемін. Мен өзімді алдағы уақытта бизнес саласында көремін. Бірнеше идеяларым да бар. Болашақта өз мақсаттарымды іске асырамын, – дейді алты баланың анасы Винера Туртаева.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close