Басты бетЖаңалықтарҚоғам

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ – БАҚЫЛАУДА

Апта аралығында аудан әкімі Сәкен Арубаев, орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен тұрғын үй-комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары Қайрат Тілеубаев пен Елдос Кеңесбеков мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданымызда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын назарға алып, олардың жай-күйін көрді.

Сәрсенбі күні аудан әкімі Сәкен Арубаев мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Аса ауылындағы 5 қабатты 76 пәтерлі үйдің құрылысын қарап, жұмыстың қарқынды әрі сапалы жүргізілуін бақылауда ұстау керектігін алға тартты. Ауыл әкімі Бауыржан Қалшымбетовтың айтуынша, «Бином» ЖШС бастаған құрылысқа 525 млн 270 мың теңге мемлекет қазынасынан аударылған. Бүгінде ғимараттың терезе, есіктері орнатылып, сыртқы жұмыстары жүргізілуде.
Түстен кейін тексеріс тобы Жамбыл ауылындағы құны 415 млн 368 мың теңгені құрайтын білім ордасына барып, шикі тірліктің куәгері болды. Құрылыс алаңында пайдаланылған қапшықтар мен ағаштардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Оның үстіне жұмыстың аяқ алысы шабыстың жорғасына мінген. Келбетсіз көрініске көз жүгірткен аудан әкімі Сәкен Қаланұлы сондағы жауапты мердігерге: – «Жаман аяқ төрді былғайды» деген нақыл сөз бар. Айналаға зер салсаң, көзге оғаш көрінетін дүние көп. Құрылысшылардың өздері шалынысып әзер жүр. Уақыттан әжептеуір қалып келе жатырсыздар. Сапаға әлі көз жүгірткен жоқпыз. Әрине, табалдырығына табан тіреп, төрлеткіміз келмей қалды. Ел игілігіне тапсыратын күнде алыс емес. Аталған кемшіліктерді жедел қолға алу қажет. Келесі апта осы нысанға тағыда қайырылатын боламыз, – деп басып айтты.
Жалғасын тапқан зерделеу тобы Қаратау ауылындағы жуалылық «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған ауызсу мұнарасының басында бас қосты. Ауылішілік көшелерге суқұбыры толықтай жүргізілген. Осы тұста қызметіне орналасқанына көп болмаса да, өңірдің құрылымын толықтай меңгеріп үлгерген аудан әкімдігі тұрғын үй-комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Қыдырбекұлы: – Жалпы Қаратау ауылының таза ауыз сумен қамту үшін 305 млн 911 мың теңге мемлекеттік бюджеттен бөлінді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ауызсу мұнарасының айналасын қоршау жұмыстары да аяқталды. Келесі айда халықты таза ауызсумен қамтуды жоспарлап отырған жайымыз бар, – деп кесіп қайтты.
Мұнан соң Бәйтерек ауылындағы 325 млн 251 мың теңгені ел игілігіне жұмсап жатқан «Пырақ-Құрылыс» ЖШС мен Ақбұлым ауылына 717 млн 212 мың теңгеге «Агростроймаркет-2003» ЖШС және Қызылқайнар ауылына жүргізіліп жатқан ауызсу жүйесінің ағымдағы жағдайымен танысқан аудан әкімі Сәкен Арубаев жұмыста ілгерілеушілік байқалатынын айтып, сапаға айрықша көңіл бөлу керектігін тағы мәрте еске салды.
Сондай-ақ аудан басшысы шекара шебінде заңсыз малдарды қамауға арналған пунктінің жұмысымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Күдербайұлының айтуынша, құрылысқа 31 млн 200 мың теңгеге бөлінген. Бүгінгі таңда айналасы қоршалып, күзет баспанасы бой көтерген.
Аудан басшысы Сәкен Арубаев нысандарды аралау барысында түсінгеніміз халық қажетін өтеу үшін ешқайсымыз аянып қалмауымыз қажет екені, құрылыс жұмыстары жіті қадағалауда болуы керектігі және жедел жұмыс ертеңгі олқылықтардың төбе көрсетуіне әкелмеуі еді.
Осындайда, көкірек көзі ояу, елінің еңсесін көтеруді мақсат еткен кез келген қызметкер я мердігер осы жоғарыдағы тіркестен еншісін алса деп тілейсің.

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close