Басты бетЖаңалықтарРуханиятҚоғамӘлеумет

АРДАГЕРЛЕР ҮЙІНДЕ

Ардагерлер үйі. Бұл жер – көргені мен білгені көп ақыл ордасы десек қателеспеспіз. Ардагерлер кеңесі қоғамдағы берекелі тірліктің ұйтқысына айналып, елді мекендерде тәртіп пен дәстүр сабақтастығының сақталуын қадағалайды. Жастарға жол көрсетеді. Қариялар өзара әңгіме-дүкен құрып, елдегі жаңалықтармен бөліседі.
Айталық, күні бұрын өңірімізге арнайы келген Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған топ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелерін қабылдады. Басқосу барысында әр ауылдық округтің қарияларымен жеке танысып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі коронавирус пандемиясының екінші толқынының алдын алу бойынша сақтық шараларын күшейту және аймақтарда тұрақтылықты сақтау болды. Қабылдауда ардагерлердің жағдайы мен кеңестің қоғам өміріндегі маңызы талқыланды. Бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі белсенді жұмыс істеуде.
Кеңес мүшелері – өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен ардагерлер. Өңірде 87 бастауыш ұйымы болса, оған 7800-ге жуық ардагер мүше. Басқосуда Еркінбек Бейсенбекұлы: «Осы ретте өздеріңізбен бірге жаман аурудың алдын алу мақсатында ресми ақпарат көздеріне сүйене отырып, түсіндіру жұмыстарын бұқара халық арасында жүргізуге және ауыл-аймақтарда жеке кәсібін ашуға қызығушылық танытқан азаматтар қатарын арттыруға насихат жұмыстарын жүргізуге шақырамын. Өйткені, жеке кәсіпкерлікті дамыту арқылы ғана біз төтенше жағдай режимінен зардап шеккен экономикамызды қайта жаңғырта аламыз», – деп ауданымызда ұлтаралық достық пен ынтымақтың сақталуына және кейінгі ұрпаққа тәрбие беруге өлшеусіз үлес қосып жүрген қазыналы қарттарға зор денсаулық пен баянды ғұмыр тіледі.
Жұртпен жүздесу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалғасын тапты. Мұнда ел тарихын өрнектейтін туындыларға куә болған қариялар рухани байлығымызды көзінің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа үлгі боларлық көрмелерді ұйымдастырып жүрген ұжымға ризашылығын білдірді. Кездесу соңында ардагерлер өңір жұртына ақ батасын беріп, халқына тыныштық тіледі. Сондай-ақ, олар әрқашан аудан­ның дамуы мен ішкі ахуал тұрақтылығын сақтауға бағытталған тың баста­маларға қолдау көрсететінін жеткізді.

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close