Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Келісім – біздің мәңгі құндылығымыз

7-23 қыркүйегі аралығында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бастамасымен «Бейбітшілік және келісім» жобасын іске асырудың іс-қимыл алгоритмі әзірленген болатын. Жобаның басты мақсаты – ел бірлігі мен ынтымағын сақтау, адамгершілік құндылықтарға үндеу, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қастамасыз етудегі ұлтаралық толеранттылық рөлін арттыру, қоғамдық-саяси ахуалды мониторингілеу, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтап, шешу жолдарын қарастыру.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің аймақтық кеңейтілген отырысын облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бигелді Тәжібаев осындай сөздермен бастады.
Жамбыл облысы әкімдігінің, Жамбыл аудандық және ауылдық округтер жанындағы Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Гродеково ауылының тұрғындары қатысқан кеңес отырысында Жамбыл облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов сөз бастады. Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылығы, ал бейбіт өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанында бар қасиет екенін баса айтқан Оңласын Қарабайұлы «Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы – басты байлығымыз, ең жоғары жетістігіміз», деді. Кезінде түрлі этностарды қазақ даласына тауарлы вагондармен әкеліп тастағанда онсыз да күнін әзер көріп отырған жергілікті халық оларды үйлеріне кіргізіп, үзім нанымен бөлісті. Бөтенді жатсынбады, қайта бауырына басып мейірбандық, жанашырлық танытты.
Сауатты да парасатты, саналы елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алады. Сонысымен тарихын түгендеп, келешегін кемелдендіре түседі. Ал, болашақтың бағыты – «Мәңгілік ел» мұраты. Отаны бір қаншама ұлт пен ұлысты біріктіріп, ұлтаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімді серік еткен, үлкенді құрметтеген қазақ баласының бұл мұратқа жетері анық. Қазақтың кеңдігі мен кемеңгерлігі, қарты мен алыс-жақынын қадірлей алатыны, тектілігі мен төзімділігі басқа ұлттарға үлгі-өнеге болса деген тілек бар.
Келесі кезекте сөз алған аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев өңірімізде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту бойынша атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
– Ауданда 2016 жылы аудандық және 17 ауылдық Қоғамдық келісім кеңестері құрылып, оның құрамын Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мақұлдаған болатын, – деді Бақыт Уәлиұлы. – Кеңес құрамына ардагерлер мен жастар, зиялы қауым, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері еніп, өңірдегі қабырғалы істерге, байыпты бастамаларға атсалысып келеді. Халықтың өзекті мәселелерін шешуге, қоғамдық саяси маңызы бар іс-шараларға қатысып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге ден қойған. Ұлтаралық татулық пен рухани келісімді сақтау мақсатында маңызды іс-шаралардың – қайырымдылық акцияларының, келелі кездесулердің, салтанатты жиындардың өткенін атап көрсеткен жөн. Бұл тұрғыда дүнген, түрік, күрді этномәдени бірлестіктерінің жанды жұмысы қандай марапатқа да лайық.
Этнос өкілдері шоғырланған Полатқосшы, Гродиково, Қызылқайнар, Қарой ауылдық округтерінің бірлескен Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Абдухалил Маюфи атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, ұлтаралық татулықтың қаншалықты маңызды екенін, достық пен ынтымақ бар жерге береке мен ырыстың өзі келетінін, елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келе жатқанын тебірене әңгімеледі. Сөзін осыны қадірлеуіміз керек, саяси тұрақтылықты сақтау үшін әрдайым адалдық пен әділдікке жүгінгеніміз жөн деп түйіндеді.
Кеңеске қатысқан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек те салмақты сөз сабақтады. Жетелі жасқа аталы сөз айта алатын, қоғам өміріне етене араласып жүретін ардагерлерге, ұлттар арасындағы татулық жайын жеріне жеткізе айтып отыратын этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне риза көңілін білдірді. Өзгені өзекке теппей, басқаның қызылына қызық­паған қазақ қашанда жерін­дей жомарттығымен, даладай дархандығымен тамырын жайып, бұтағын жайқалтып, құшағын кеңейткенін айтты. «Үлкендер бізді осындай жарқын да егемен елге алып келген екен, ендігі жерде парызымыз – өскелең ұрпақ­қа өнеге беру, тәрбиені отбасы­нан бастау. Ең бастысы, біз жастары­мызды еңбекке баулуды ұмытып кетпесек жарар еді», – деді ол.
Кезек жарыссөз бен пі­кір алмасуға келгенде ауыл тұрғын­дары бірқатар мәселені алға тартып, ойларын бүкпесіз айтты.
Жамбыл ауданында жергілікті атқарушы билік органдары мен Қоғамдық келісім кеңестерінің бірлікті бекемдеудегі өзара іс-қимылы турасында сөз қозғалған аймақтық кеңейтілген отырысты қорытындылаған Бигелді Халилуллаұлы жиында айтылған орамды ойлар мен маңызды ақпараттар кеңеске қатысушыларға оң әсер еткеніне сенім білдірді.

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close