Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет
Тұрғындардың тілегі тыңдалды

Мемлекеттік қызметшілер халық тілегін орындауды мақсат тұтады, арнайы қабылдаулар өткізіп, халықпен кездесіп, түйткілді мәселелерді біліп, шешілу жолын қарастырады.
Сондай кезекті қоғамдық қабылдауды аудандық ардагерлер үйінде облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов пен «Жастар-зерттеу» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Фарида Мамедова өткізді. Кездесуге келген тұрғындардың қатары көп болды. Қабылдауға жеке мәселесімен келген Тамара Алибекова: «Қазір елімізде пандемия және басқа да ауруларға қарсы вакцина салдыру қажет деп жатыр. Осы ретте қарсы болған адамдарға қандай бағыт ұсынасыз?» – деді. Бұл сауалға байланысты Фарида Иманжанқызы бұрындары сұрамай салдыртатынын, қазір өз құқығында екенін, профилактикалық тұрғыда сапалы вакциналар шығып жатса, адам өз денсаулығы үшін салдыру керектігін айтты. Ал, Феруза Қошпанова есімді азаматша анасының Қарақалпақстаннан Қазақстанға көшіп келгісі келетінін, алайда азаматтығын ала алмай, шекарадан өтетін рұқсат қағазының жарамдылығы бір жылға жететінін, әрі қарай қиындық туып отырғанын жеткізді. Топ өкілдері қандастар статусына сәйкес әр адам өзі сұраныс жіберіп, бұл мәселе жөнінде миграция мамандары анықтайтынын тілге тиек етті.
– Әрине, қоғам болған соң халық арасында әлеуметтік мәселелердің кездесіп қалуы – заңды құбылыс. Бірақ олардың бірқатары түрлі себеппен шешімін таппай қалып жатады. Мемлекеттік органдар орталықта орналасқандықтан, шеттегі ауыл тұрғындары уақыттарын жоғалтады. Көбінде ұзын-сонар кезек те болады. Осындай себептермен азаматтардың, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі қариялардың мәселелері шешілмей қалатынын естіп те, көріп те жүрміз. Оның үстіне қарапайым адамдардың мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың басшыларына өтініштерін тікелей жеткізу мүмкіндігі бола бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында азаматтарды жеке кабинетте емес, аудандарға барып, тіпті, көшелерге шығып қабылдап жатырмыз, – деді Сержан Сапарбайұлы сөзін түйіндеп.
Әр азаматтың басына түскен қиындықты жеңілдетіп, мәселенің шешілу жолын көрсету – мемлекеттік қызметкердің басты міндеті. Осындай жауапкершілік жүгін көтерген ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері халыққа деген ерекше ықыласымен қадірлі. Сондықтан болар, қабылдауға келген тұрғындардың көңілдері марқайып тарқасты.
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.