Басты бетЖаңалықтарМәдениетЭкономикаҚоғамӘлеумет

Құт дарып, берекесі артқан ауыл

Жамбыл ауданында құт дарып, берекесі артқан Қызылқайнар деген округ бар. Жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, алдыңыздан көркейген, әлеуметтік әлеуеті артып, ырыс қонған елді мекен шығады. Өркені өскен өлке екенін бірден байқайсыз. Мұның бәрі Жасөркен және Қызылқйнар ауылдары тұрғындарының ауызбіршілігі арқасында мүмкін болды. Ажары ашылған қос елді мекендегі ізгілік пен игіліктерді, тындырымды тірліктерді ауылдық округ әкімі Рахматулла Исаевтан сұрап білгенбіз.


Расында, Қызылқайнар ауылдық округі бүгінде түрленіп келеді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылымыз Қырғызстан Республикасымен шекаралас. Ауылымыз аудандағы өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған округтер қатарында. Бүгінде округте 924 аула, 5196 тұрғын бар. 20-ға жуық ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бақытты да баянды ғұмыр кешуде. Ауылдық округ әкімі аппаратында 8 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Сонымен қатар округ тұрғындарына 1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт, 6 дүкен, 1 тойхана, 2 мешіт, 1 ветеринариялық пункт, 1 монша қызмет көрсетеді. Округте шарап зауыты, кірпіш шығаратын кәсіпорын бар. Шекараға жақын елді мекен болғандықтан, «Жасөркен» шекара заставасы орналасқан. Ауылдағы 2 мектеп, 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесі және 1 шағын орталық балаларды білім нәрімен сусындатуда.
Ауылдық округ әкімі аппаратының 2020 жылға жоспарлаған шығыстары 106 млн 810 мың теңге болса, оның бүгінде 72 млн 487 мың теңгесі игерілді. Қалған қаржыны да жыл соңына дейін игеретін боламыз.


Ауыл тұрғындары мал, егін шаруашылығына ерекше ден қойған. Әсіресе, мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал өсіруге, мал бордақылауға берілетін несиелерді ұтымды пайдалануда. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрмысы жақсарып келеді. Мал шаруашылығына арналған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары бойынша ауыл тұрғындары несие алып, жұмысын жандандыруда.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындарында 2633 бас ірі қара, 793 бас жылқы, 10230 бас қой, 370 бас ешкі, 4280 үй құсы бар.
Ауылдық округте жыл өткен сайын мал басы артып келеді. Кеңес үкіметі кезінде бұл ауылда жайылымдық жер кең болатын. Тау етегінде жайылатын төрт түлік қоңды еді. Ал, тәуелсіздік алып, шекарамыз шегенделген тұста жайылымдық жердің аумағы айтарлықтай азайды. Әсіресе, тамыз, қыркүйек айларында тау етегіндегі жайылымдық жерлер тақырға айналып, шаңы шығып жатады. Бұл мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға айтарлықтай қиындық тудыруда. Қазіргі таңда мал жайылымының жалпы аумағы 1716 гектарды құрайды.
Соңғы жылдары ауылдық округ тұрғындары егін шаруашылығына ден қоюда. Тұрғындардың басым көпшілігі ризығын осы кәсіптен айырып отыр десек те болады. Округте 51 шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істейді. Биыл олар 35 гектарға көкөніс, 35 гектарға қант қызылшасын, 100 гектарға көпжылдық шөп, 30 гектарға жүгері екті. 182 гектарға егілген жаздық арпа толығымен жиналып алынса, күздік бидай 55 гектарға егілді.
Шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды және мемлекет тарапынан беріліп жақтан несиелерді ұтымды пайдалануда. Биыл 4 азамат шағын кәсіпкерлікті дамытуға байланысты несие алса, 11 азамат 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
Округте тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандардың барлығы тиісті деңгейде жұмыс істеуде. Балабақша мәселесі толық шешілді. Ауыл тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамту – кезек күттірмейтін мәселе. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Қызылқайнар ауылына таза ауызсу кіргізу үшін 661 млн 393 мың теңге бөлінді. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «АрайСтройСервис-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде қазу, құбырды орнату жұмыстарын атқаруда Жасөркен ауылына таза ауызсуға 458 млн 925 мың теңге бөлінді. Бұл ауылдағы құрылыс жұмысын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Ал, талай жылдан бері жырға айналған жол мәселесін келер жылдың еншісіне қойып отырмыз. Сондай-ақ, контрабандалық жолмен келген малды ұстау орнының құрылысына 34 млн 103 мың теңге бөлінді. Нысан құрылысын «Международный Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 5 млн 999 мың теңгеге Қызылқайнар ауылындағы «Иманқұл» каналы механикалық тазартудан өтті.
Ауылда жұмыссыз жүрген азаматтардың қарасы да жыл өткен сайын азайып келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 212 азамат жұмысқа тартылды. 13 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесі бойынша 1 адам жұмыс тапты. Қысқа мерзімді оқыту курсынан 5 азамат өтті.
Мемлекет тарапынан тағайындалған әлеуметтік төлемдер де дер кезінде төленуде. Округте 101 көпбалалы ана, 155 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оларға мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақылармен қатар түрлі көмектер көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда ауылдық округте 24 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» жобасы да қарқынды жүзеге асуда. Бүгінде табантасы қаланып, қабырғасы тұрғызылған үйдің шатырын жабу жұмыстары басталды. Құрылыс материалдарына жергілікті тұрғындар мен ауылдың белсенді азаматтары атсалысуда. Ал, құрылыстың сапалы әрі жылдам жүзеге асуына ауыл тұрғындары қолұшын созуда. Бұл үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтайтын боламыз. Асарлатып салынған үйді 8 баланың анасы Айнұр Шураеваға береміз.
Жалпы, ауылдың тыныс-тіршілігі жаман емес. Тұрғындардың көңіл күйі жақсы. Береке-бірлігі жарасқан қызылқайнарлықтар алдағы уақытта да еселі еңбегімен еліміздің, өңіріміздің гүлденуіне үлесін қосатын болады. Оған мен кәміл сенемін.

Рахматулла Исаев,
Қызылқайнар ауылдық округінің әкімі
.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close