Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятҚоғам

Татулық пен келісім – ел ертеңі

«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Азаттықтың таңы арайлап атқан сәттен бастап этносаралық келісім мен татулықтың үлгісі салтанат құрды. Еліміз тыныш, халқымыз аман. Өндірісі өркендеп, экономикасы дамып келе жатқан, алдына ауқымды міндеттер қойған мемлекеттердің қатарындамыз. Әрине, осының барлығы – тыныштық пен тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің нәтижесі.

Жалпы Тараз қаласында 24 этномәдени бірлестік ресми тіркелген, ішкі саясат бөлімі тарапынан этномәдени бірлестіктер төрағаларымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, этностар бөлінісі бойынша 360286 азамат бір шаңырақ астында өмір сүруде. Оның ішінде қазақтар – 239636, орыстар – 59 746, дүнгендер – 1 300, түріктер – 4 974, өзбектер – 23 364, кәрістер – 7 058, күрділер – 2104, әзірбайжандар – 993, татарлар – 5 277, қырғыздар – 4 895, немістер – 2 000, украиндар – 1 336, ұйғырлар – 806, шешендер – 551, гректер – 656, белорустар – 159, тәжіктер – 541 және тағы басқа этностар 2399-ды құрап отыр.
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері түрлі қоғамдық-саяси, мәдени шараларға (Алғыс айту, Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс күні және басқа да мемлекеттік мерекелер) белсенді қатысуда. Жыл ішінде 70-тен аса іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 15 мыңнан аса адам тартылды.

2020 жылдың 13 наурыз күні қала әкімінің №27-ө өкімімен Тараз қаласы бойынша «Бейбітшілік пен келісім жобасын» іске асыру бойынша жұмысшы топтары құрылып, маусым-тамыз айларында жұмыстар («Ақпараттық түсіндіру» бағыты бойынша – 40, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» бағыты бойынша – 21, «Діни мәселелер» бағыты бойынша – 57 іс-шара) жүргізілді. Ағымдағы жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына «Ақпараттық түсіндіру» бағыты бойынша – 44, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» бағыты бойынша – 11, «Діни мәселелер» бағыты бойынша 7 іс-шара ұйымдастыру жоспарлануда.

Тараз қаласындағы №11 аумақтық округіне қарасты «Құмшағал», «Шөлдала» шағын аудандарында этносаралық тұрақтылық бойынша қала прокуратурасымен бірлесе жоспар бекітілді. Жоспар бойынша жастарды толерантты мінез-құлық, мәдениеттер мен діндерді құрметтеу негізінде үйрету, қазақстандық қоғамның полиэтникалық құрамының қалыптасу тарихы туралы жас буынның білімін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ қала әкімдігі бөлімдерінің басшылары, қалалық полиция басқармасы мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өкілдерінің қатысумен көшпелі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды.

Карантин кезінде этномәдени бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен «Мың алғыс!» жалпыреспубликалық акциясы аясында күрделі жағдайда жұмыс жасап жатқан медициналық қызметкерлердің отбасыларына қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Құрбан айт мерекесі қарсаңында медициналық қызметкерлердің әлеуметтік осал топтағы 50 отбасына азық-түлік себеттері және 7 медицина қызметкерінің отбасына ет таратылды. Сондай-ақ коронавирус инфекциясына қарсы жұмыс жүргізіп жатқан 127 медицина қызметкерінің отбасына азық-түлік себеттері жеткізілді.

Коронавирустың алдын алу мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі арнайы парақшаларында «Жамбыл облысының немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Гибнердің, Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер Ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Идыбоның, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік-қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Л.Узденованың, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы З.Махусеевтің қала тұрғындарына карантиндік талаптарды сақтап, үйде болуға шақырған бейнеүндеулері жарияланды. 2020 жылдың 1 маусым күні Тараз қаласы, Мичурин көшесінің 1-бұрылысы, №30 үйден өрт шығып, М.Кириакидидің отбасы тұратын тұрғын үй толығымен өртеніп кеткен болатын. Аталған азаматшаға қалалық әкімдік тарапынан жатақхана ұсынылған. Алайда азаматша бұл ұсыныстан бас тартты. Қаладағы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің сұранысы бойынша аталған отбасына орталықтан тұрғын үй сатып алып берілді.
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Этносаралық келісімді нығайту және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастыру» атты жобаға байқау жарияланып, нәтижесінде «Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды. Аталған қоғамдық бірлестікпен 6 іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Бөлімнің даму индикаторлары мен ҮЕҰ іс-қимылдарын мониторингілеуге, мемлекеттік органдарының қызметін бағалауға, тұрғындар арасындағы тіршілік әрекеттегі түйінді мәселелерін анықтаумен қатар қоғамдық-саяси ахуалды зерделеуге бағытталған социологиялық зерттеулерді жүргізу» атты жобаға байқау жарияланып, нәтижесінде «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ жеңімпаз атанды. Аталған қоғамдық бірлестік бекітілген жоспарға сәйкес этносаралық ахуал бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізетін болады.

Ағымдағы жылдың 9 қыркүйек күні «Қоғамдық келісім» КММ-де қала әкімінің орынбасары А.Садубаевтың, этномәдени бірлестіктердің төрағаларының, белсенді мүшелерінің және жастардың қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары А.Қабиева, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Давришев, «Днипро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ф.Клименко, «Жамбыл облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы М.Турдыева, «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер Ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы И.Юнусов, Жамбыл облыстық «Шиват Цион» этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Н.Перфильева, Жамбыл облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.Сорокин, «Вайнах» Жамбыл шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Магомадов сөз сөйлеп, этносаралық тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатында жұмысты жандандыру бойынша өз пікірлерін білдірді.

10 қыркүйек күні №11 аумақтық округіне қарасты «Құмшағал», «Шөлдала» шағын аудандарындағы тұрғындармен өзекті мәселелер бойынша кездесу өткізілді. Кездесуге Тараз қаласы әкімінің орынбасары А.Садубаев, Тараз қаласы прокурорының орынбасары Ғ.Абдрахманов, Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы А.Заурбеков қатысып, құзырлы мекемелерге тұрғындардың шешілмеген өзекті мәселелері бойынша тапсырмалар берілді.

Бүгінде тілі мен ділі, діні мен салт-дәстүрі түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүруі – ел бірлігінің айғағы. Алдағы уақытта да этномәдени бірлестіктермен атқарылатын жұмыстар аз емес.

Ұлана Сламбекова,
қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы
.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close