Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Нақты нәтиже басым болуы тиіс

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне тағы да кеңінен тоқталды. Өйткені елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құрудың алғышарты бар.

Мемлекеттік басқарудағы жаңа модельге байланысты сервистік мемлекет тұжырымдамасының бастапқы бейнесі көріне бастады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлау, инфрақұрылымдық, әлеуметтік бастамаларға аудандар мен ауылдық округтердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізу, халық бюджеті ұғымын қолданысқа тереңірек енгізу. Сондай-ақ мәслихаттардың қоғамдағы рөлін, құзыреттілігін күшейту, ашықтығын қамтамасыз ету, петиция институтын заңды түрде дамыту, осы арқылы өңір мен орталық арасындағы байланысты жетілдіру, өзін-өзі басқару институтының бейнесін жаңғырту, оны дамыту жөніндегі түбегейлі тұжырымдамасын әзірлеу.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «егер азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн». Сондықтан мемлекеттік басқарудың жаңа моделі әр азаматтың мұң-мұқтажын, халықтың үнін ескеруге бағытталып отыр.
Сервистік модель азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуын көздейді. Президент сөзімен айтқанда, «Адамдар емес, деректер жүгіру» керек. Демек, қағаз түріндегі құжаттардан бас тартылып, цифрландыру арқылы сұранысқа ие анықтамалар жойы­лады. Жалпы, цифрландыру саласында оң өзгерістер байқалады.
Президент көптен бері түрлі жағдайда туындап келген мәселелерді ескеріп, жүйелі өзгерістерді енгізуді ұсынды. Оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігін, Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құру, басқару жүйесіндегі өз мақсатын ақтамаған жауапты хатшылар институтын жою, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдету секілді өзекті мәселелер бар.
Әрине, кез келген реформа бірінші кезекте адамдардың қолдауын, ынталандыру жолдарын таппаса, жүйелі іске асуы қиындайды. Мемлекет басшысы мәлім еткеніндей, әр мемлекеттік қызметшінің жұмысында күнделікті процесс емес, нақты нәтиже басым болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби, әдептілік талаптары төмендемегені жөн.

Серік Спатов,
Жамбыл аудандық мәслихат аппараты құқық және іс-жүргізу бөлімінің басшысы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close