Басты бетЖаңалықтарРуханиятҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында жаңа мешіт ашылды

Қасиетті Жұма күні Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылында мешіт ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Мешіттің ашылуына арнайы келген облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев қоңыртөбеліктердің қуанышына ортақ болды.
Салтанатты жиын Айшабибі мешітінің имамы Қатарбай Тәжібаевтың қасиетті Құран Кәрімді тиләуат етуімен басталды. Бұдан кейін облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев көпшілікті құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын. Құрметті бауырлар, біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Құлшылық жасауға барлық азамат құқылы. Құдайға құл, адамға ұл болуды, имандылықты ту етуді мақсат тұтуымыз керек.
Бұл Жамбыл ауданындағы 30-ыншы мешіт. Облыс бойынша ең көп мешіт Жамбыл ауданында. Жамағат бір болса, тура жолды ұстанса, сол жерде береке бар. Берекелі де мерекелі күндеріміз көп болсын», – деген бас имам мешітке ең үлкен сыйлық – қасиетті Құран Кәрімді тарту етті. Ал, көршілес Бесжылдық ауылының жамағаты мешітке кілем мен сағат сыйлады.
Мұнан соң сөз сөйлеген Жамбыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынбай Рысбаев Алла үйінің соғылуына бастамашы болған «Ар-Рашид руханият» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дамир Ташқараевқа, игі істі қолдаған, қаржылай көмектескен, соғылуына атсалысқан ауыл жамағатына көпшіліктің атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Жылы лебіздер легінен кейін облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев және Жамбыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынбай Рысбаевпен жаңа мешіттің кермесін қиды. Мешіттің ішіне кіріп, жамағатпен екі ракағат намаз оқыды.
Осыдан соң жиналған көпшілік арнайы жайылған дастархан басында бас қосты.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close