Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында рейд жүргізілді

Бүгінде бүкіл әлем қауіпті індетпен күресуде. Ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Әсіресе, кәрі құрлық елдерінде аты өшкір індет өршіп тұр. Осыны қаперге алған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, мемлекеттік құзырлы органдарға, облыс, аудан, ауыл әкімдеріне қажетті шараларды қолға алып, қауіпті індеттің алдын алу бойынша дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

Осыған байланысты еліміздегі бірқатар өңірде карантин талаптары күшейтілгені де белгілі. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығын, қоғамның қауіпсіздігін сақтау. Бұл мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жергілікті әкімшілік жанынан құрылған мобильдік топтар елді мекендерде сақтық шараларының сақталуын бақылауға алып, рейдке шығуда.
Апта аралығында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков бастаған жұмысшы топ Аса ауылындағы Абай көшесі бойында орналасқан сауда нысандарына рейд жүргізді. Жауапты тұлғаларға жолығып, мән-жайды жете түсіндірді.
– Елімізде жағдай тұрақталғанымен, ел азаматтарына сақтық шараларын қатаң сақтау міндеттелген. Бұл індетпен күрес, оны жеңу бәрімізге ортақ міндет, ортақ іс болып тұр. Сондықтан да сақтық шараларын сақтау қажет. Келушілерді бетпердесіз кіргізбеу керек. Заң да, талап та бәрімізге бірдей. Тәртіпке бағынбасақ болмайды. Карантин талаптарын орындамаған, сақтық шараларын сақтамаған, тәртіпке бағынбаған адамдарға, нысан иелеріне айыппұл салынады, – деген Нұрлан Күдербайұлы келушілерге де бетпердемен жүру керектігін ескертті.
Рейд барысында топ мүшелері сауда нысандарында анықталған кемшіліктер бойынша жауаптыларға ескерту жасаса, оларға ілескен тәртіп сақшылары бетпердесіз жүрген жергілікті тұрғындардан түсініктеме алды. Жалпы, сауда нысандарында тазалық сақталған, қорғаныш заттары орнында. Тек келушілердің кейбіреуі бетпердесіз жүр.
Елімізде карантин талаптары қатаңдатылып, сақтық шаралары күшейтіліп жатқанда, біз өз тарапымыздан қазіргі жағдайға түсіністікпен қарағанымыз жөн. Бұл індет ешкімді де аямайды. Сақтансақ – сақтайды. Өзімізге де, өзгеге де зиянымыз тиіп кетпесін десек, немқұрайлы болмайық. Тәртіпке бағынып, сақтық шараларын сақтап, карантин талаптарын орындайық. Күнделікті бетпердемен жүрейік. Бәрі де өзіміз үшін.

Ж

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close