Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Маңызды құжаттағы міндеттер

Жыл сайын елімізде Президенттің кезекті жаңа Жолдауы жолданады. Халық болып қабыл аламыз. Бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, билік өкілдері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бірақ Жолдау деген не? Оның мақсаты қандай деген сұрақтарға толыққанды жауап алған емеспіз. Жолдаудың жолдану мақсаты – елдің өткеніне сараптама жасап, бүгінгі жасалу керек істердің басын ашып, ертеңгі болашаққа жол ашу. Бір тағдыр, бір ұлт, бір мемлекет болғаннан кейін, ел ішіндегі әрбір азаматтың Жолдау негізінде жұмыс жасауы маңызды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік органдардың әлеуметпен байланысы «азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы емес», қоғаммен тұрақты диалог құру жолымен іске асырылуы айтылып, мұны іске асырудың бір жолы – ауыл әкімдерін сайлау, азаматтық қоғам институттары арқылы жергілікті бюджеттерді бақылауды күшейту екендігі анық көрсетілді. Президент мемлекеттің барлық негізгі құрылымдарының қызметін шынайы бағамдап, елдің әл-ауқатының одан әрі өсуінің негізгі векторларын анықтап берді. Мемлекеттік басқару, экономикалық даму, қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысының «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал, боссөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр» деген аса салмақты, асқан салиқалы сөзі жадымызда жақсы жырдай жатталып қалды.
Президент Жолдауындағы алтыннан қымбат асыл сөздер жүректен шығып, жүректерге жетті. Мақсат – айқын, міндет – көп. Енді Жолдауда алға қойған мақсатқа жету үшін тер төгу керек.
Бұл туралы аудандық орталық кітапханада өткен кездесуде облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сайлаухан Ашанов кітапхана ұжымына, ауылдық кітапхана меңгерушілеріне кеңінен баяндады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Қатысушылар өз кезегінде Жолдауға қолдау білдіріп, стратегиялық мәнге ие бағдарламалық құжатта көрсетілген міндеттердің жүзеге асырылуына атсалысатындарын жеткізді.
Келелі кездесуді қорытындылаған аудандық орталық кітапхананың директоры Аида Қалисаева ел игілігіне бағытталған маңызды құжат жайында салмақты сөз сабақтаған Сайлаухан Ашановқа ұжымы атынан рақмет айтты.
Жолдау бойынша кездесулер ауданға қарасты барлық ауылдық округте жалғасын тапты.

Ильяс Қалыбеков,
Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close