Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Таразда Жолдауды түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» тақырыбында жарияланғаны белгілі. Бүгінде аталмыш тарихи құжатты түсіндіру жұмыстары жер-жерлерде жалғасуда. Соның ішінде Тараз қаласында да бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өткеніміз жөн.

Мәселен, Мемлекет басшысының Жолдауын қала тұрғындарына ақпараттық түсіндіру мақсатында қала әкімінің өкімімен 5 қалалық ақпараттық топ құрылған. Зиялы қауым өкілдерінен, қалалық мәслихат депутаттарынан, оқу орындары мен кәсіпорын басшыларынан, білікті ұстаздар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен және ардагерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден құралған ақпараттық топтың құрамына барлығы 47 адам енген. Бұдан бөлек 3 қыркүйекте Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Жолдауды түсіндіруге арналған идеологиялық актив жиналысы өтті. Қалалық ақпараттық топтардың мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиналыста ақпараттық топтың мүшелеріне әдістемелік құралдар, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, Жолдаудың толық мәтіні мен тезистері, анықтамалық нұсқаулықтар таратылды.
Президент Жолдауының басты бағыттарын түсіндіру бойынша облыстық және қалалық ақпараттық топтардың мүшелері мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдарымен 30 кездесу ұйымдастырып, оған барлығы мыңға жуық адам қатысқан.
Жоғары және арнаулы оқу орындарында Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіруге арналған жоспарлар бекітілген, жыл ішінде «дөңгелек үстел» отырыстары, семинарлар, конференциялар, кездесулер, жиындар және тағы да басқа шаралар тұрақты өткізілуде.
Жалпы Жолдауды түсіндіру мақсатында бүгінгі күні қала көлемінде 42 іс-шара өткізіліп, оған қаланың 2 000-нан аса тұрғыны тартылды.
Қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде 28 мақала жарияланып, «JAMBYL» және «77 ТВ» телеарналарында 32 сюжет көрсетілген.

Осылайша, Президент Жолдауын ақпараттық түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close