Басты бетЖаңалықтарСаясат

Дамудың алғышарттары белгіленген

Жылдағы Жолдаулар келелі, өзекті мәселелерге арналады. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген атының өзі-ақ айтып тұрғандай, жаңа кезеңнің әлеуметтік-экономикалық мәселелері биылғы Жолдауда жан-жақты қарастырылып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тыңғылықты білім алуына, еңбек етуіне, өсіп-өнуіне, әлеуметтік мерей-мәртебеге жетуіне көбірек көңіл бөлінген және оның жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес кезеңінде әлеуметтік дамудың объективті алғышарттары белгіленген. Пандемияның жалпыәлемдік құбылысқа айналуы мен әлемдік ахуалдағы өзгерістер халықтың көңіл күйіне, тұрмысына, тағдырына оңай тимеді.
Қандай жаңалықтан да жұрт жақсылық күтеді. Жастар көп үміт артады. Жаңа жағдайдағы экономикалық дамуды қалай қамтамасыз етпекпіз? Мұндай сауалға жаңа Жолдау қалай және қандай жауап беріп отырғанын мамандар сараптап жатыр. Жолдау айтарлықтай қоғамдық ой-пікір тудырды, оның мазмұны бойынша кең қоғамдық талқылау бүкіл елде әртүрлі деңгейде өтіп жатыр. Қоғамдық қатынастарды заман талабына сәйкес жаңғырту мен нарықтық экономикалық қатынастардың таңдауын уақыттың өзі жасады. Бұл халықтың тағдырын әртүрлі кездейсоқтықтан аман сақтап қалуға, жағдайдың алды-артын жан-жақты таразылап, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Жолдау аясында жастар, келешек ұрпақ мәселелері өте кең және жан-жақты қарастырылған. Жолдауда жастар қоғамның әлеуметтік-экономикалық процестерінің белсенді қатысушысы және субъектісіне айналуы керек делінген. Жұмыссыздықпен күрес ең алдымен жастарды жұмыспен қамтып, нарыққа баулумен, сол арқылы демографиялық мәселелерді шешуге жұмсалатын болды. Халықты табысы мол еңбекпен қамтамасыз етіп, жағдайын түзеп, басын көбейтер, демографиялық, әлеуметтік, бағдарламалар түзіп, іске асыра бастасақ, қоғамдық ахуал да түзеледі.
Сонымен қатар Жолдауда халыққа жұмыс, бюджетке табыс беретін өндіруші бизнесті дамыту жолдары айтылды. Енді жұмыссыздықты жою қолға алынып отыр. Сол арқылы әлеуметтік қиындықтарды біртіндеп жеңілдетуге, жағдайы төмен отбасылардың әл-ауқатын оңалтуға болады.
Уақыттың ең негізгі өлшемі – нәтижелі аяқталған іс. Қазір Президент маңыз беріп отырған бұл мәселелердің шешімін табу үшін жауапкершілік пен еңбекқорлық қажет. Бұл – ең алдымен қоғамдық санамызға, әрқайсымызға тікелей байланысты мәселе.

Дулат Әбдықалықов
Жамбыл ауданының белсенді жасы
.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close