Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Өнімдер 112 қоймада сақталады

Бұл көрсеткіш – бүгінгі күннің нақты саны. Ал, осыдан 12-15 жыл бұрын ауданымызда көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма саусақпен санарлықтай болатын.
Ел есінде болар, төменгі жақта пияз еккен шаруа адамдары шығынға ұшыраған болатын. Бүлінгендерін ауыл сыртындағы шұңқырларға төгіп, еңбектері еш кеткені де естен шыққан жоқ.
Қазір де сол төменгі Ерназар, Өрнек, Тоғызтарау, Қаракемер, тіпті, аудан орталығы Аса ауылында да көкөніс сақтайтын қойма жоқ десе де болғандай. Есесіне, жоғарғы жақтағы округтерде қойманың саны жыл сайын көбейіп келеді.
Апта басында аудан әкімі Сәкен Арубаевтың тапсырмасымен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, бөлімнің бас агрономы Амангелді Әбдібеков және облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Талас Бақтиярұлы бар топқа ілесіп, Қарой, Гродиково, Полатқосшы, Қаратөбе, Ақбұлым, Айшабибі ауылдық округтеріне барғанбыз. Бұл округтердің бәрінде де қоймалар бар. Дені Полатқосшы ауылдық округінде екен. Мұнда 97 қойма бар. Қаройда 2, Гродиковода 7, Қаратөбеде 2, Айшабибіде 2, Ақбұлымда 2 қойма бар болып шықты.
Біз ауданның бас агрономы Амангелді Әбдібековтен «Бұл қоймалардың бүгінгі жай-күйі қалай, онда қазір өнімнің қандай түрі, қанша тоннаға дейін сақтаулы тұр екен?» деген сауалымызды көлденең тартқанбыз.
– Аудан бойынша сиымды­лығы 33789 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс-жидек сақ­тайтын 112 қойма бар. Бүгінде 51 қоймада 22293 тонна өнім сақталуда. Нақтырақ айтсам, 36 қоймада 19280 тонна пияз, 10 қоймада 2837 тонна сәбіз, 3 қоймада 126 тонна алма, 2 қоймада 50 тонна асханалық қызылша сақтауға қойылған. Жиын-терін әлі де аяқтал­мағанын ескерсек, қоймаларда сақталатын өнімдердің көлемі арта түсетініне үмітпен қараймыз, – деді ол.
Әрине, «Болашақ қамы – бүгіннен» екені, елде болса ерінге тиетіні анық.

Дүйсенбек Орманов,
Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close