Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы терең мазмұнға ие тағы бір құнды еңбек екені сөзсіз. Кемел келешекке бағдар болған ауқымды құжатта ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған.

Мемлекетіміздің одан әрі дамып, көркейіп, гүлденуі үшін қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – латын әліпбиіне көшу. Қашанда кемеңгерлігімен ерекшелене білген Елбасы: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды – бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз», – деп мәлімдеген. Бұл – заман талабына сай айтылған орынды ой.

Қазақ жазуының латын графикасына негізделген әліпбиге көшуі – елімізді рухани жаңғыртудың басты өзегі болмақ. Ең алдымен, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданады.

Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.

Бөлім тарапынан латын  графикасына негізделген қазақ әліпбиін насихаттау мақсатында 2019 жылы  Тараз қаласы әкімдігіне қарасты бөлім қызметкерлері және әртүрлі сала қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орын студенттері  арасында (қалалық аурухана, емханалар, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Тараз қалалық ішкі істер басқармасы, ҚазТрансГаз, Тараз қалалық электр жүйесі, Тараз-су, Жамбыл-жылу, Қазпошта, Қазақтелеком, Халық банкі, Тараз қалалық соты) «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам» атты 15 семинар өткізілсе, Тараз қаласы әкімдігіне қарасты бөлім қызметкерлері, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, бөбекжай-бақшаларының қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орны студенттерінен «Жаңа қазақ әліпбиі» атты жаппай диктант алынды.

2020 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Тараз қаласы бойынша филиалы, «Каспий банк», «Жусан банк», «Forte bank», Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, «Қан орталығы», «Садыхан» облыстық кеңес беру және диагностикалық медицина орталығы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы, Тараз қаласы әкімдігіне қарасты бөлім қызметкерлері арасында «Латын әліпбиі – Мәңгілік елдің рухани жаңғыруы» атты семинар, «Латын тілі – жарқын болашақ кепілі», «Ұлы дала болашағына қадам – латын әліпбиі» тақырыптарында кітап көрмелері, «Жаңғыру жазудан басталады» ақпараттық шолу өткізілді және «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты тұрақты стенд ұйымдастырылды.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА, Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close