Басты бетЖаңалықтарРуханиятӘдебиет

Кітап арқылы өзіңді және өзгені таны!

Кітап дегенде әр адамның түсінігі әртүрлі. Мәселен, біреулер ермек үшін оқыса, біреулер адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы деп түсінеді. «Білімнің қайнар бұлағы – кітап» деп бекер айтпаған. Сондықтан мұны адамзаттың баға жетпес құндылығы деп білеміз. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес шығар. Қазіргі уақытта бүлдіршіндерге, студенттерге, жасөспірімдерге  кітап оқуға толық мүмкіншілік бар.

Бала ерте жастан кітаппен дос болса, болашақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. Кітап оқу – миға жасалған жаттығу. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өз білімін өз бетімен ізденуінің, кітапты көп оқуының арқасында бірнеше тілді меңгерді. Ал орыс халқының жазушысы М.Горький болса, «мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштармын» деген.

Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін дамытуда, талап-талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап.

Кітап оқу логиканы дамытуға, сауаттылыққа, жылдам және өткір ойлауға көмегін тигізеді. Сонымен қатар сөйлесу кезінде сіз өз ойыңызды айқын және анық жеткізе аласыз. Өзіне деген сенімділік артады. Әңгіме барысында белгілі бір саладағы терең біліміңізді көрсетсеңіз, айналадағы адамдардың құрметіне ие боласыз. Сөйтіп, адамның өзін-өзі бағалауы жоғарылайды. Адамның рухани дамуына үлкен әсер етеді. Ал адамның ойын байытып, сауатын жоғарылатып, білім нәрімен сусындатар орта – кітапхана.

Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты барлық кітапханалар қалалық мекемелермен, жоғары оқу орындарымен, мектептермен тығыз байланысты жұмыс атқарады. Жүйе бойынша оқырмандарды кітап оқуға қызығушылықтарын арттыруда «Жастар – кітап әлемінде», «Дауыстап кітап оқу – руханиятқа талпынысты ояту»,  ашық аспан астындағы  «Жазғы оқу залы», «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобалары  жүзеге асырылған.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамда оқуға деген қызығушылықты арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге, оқып-білуді дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету.

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы комиссиясының шешімі бойынша 2020 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей оқу үшін, биылғы қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың туғанына 175 жылдық және шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің  1150 жылдық мерейтойларын атап өту мақсатында Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы таңдалынып, ұсынылғандығына байланысты және жалпы орталық кітапхананың жоспары бойынша дәстүрлі түрде және онлайн режимінде көптеген мәдени іс-шаралар өткізіліп, кітап оқуға оқырмандар тартылды.

«Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасы бойынша жергілікті  қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында кітап қорынан 21 жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары келісімшарт арқылы цифрландырылып, электронды форматқа  енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жүйе бойынша  69 атауымен 1329 дана, оның ішінде  мемлекеттік тілде 49 атауымен 1207 дана.

Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Сондықтан да бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық!

Ұлбосын САУЛЕБАЕВА, Тараз қаласы Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры міндетін атқарушы

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close