Басты бетЖаңалықтарКоронавирусҚоғам

Мақсат – індеттің таралуына жол бермеу

Қауіпті індет жер бетінде пайда болғалы бері бүкіл әлем бұл қауіпті құбылыспен күресіп келеді. Барлығының көздегені бір мақсат, бір мүдде, бір міндет, ол – індетті жеңу.

Дегенмен, бәрі де адамдардың өзіне байланысты екені мәлім. Ең бастысы, шектеу шараларын сақтау қажет. Дәл қазір еркінсуге болмайды. Індет ешкімді аяп жатқан жоқ, аямайды да. Оның салдары да өте ауыр. Бұған бәріміздің көзіміз анық жетті. Бұны тек қана темірдей тәртіп пен қатаң талап арқылы ғана жеңуге болады.
Біздің өңірде жергілікті билік тарапынан тиісті шаралар қолға алынғаны белгілі. Бүгінде аудан бойынша рейдтер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар өз кезегінде нәтижесін беруде. Жағдай бұрынғыдай емес, біршама түзелген. Аудан тұрғындары қазір сақтық шараларына бейжай қарамайды. Олар қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетпердемен жүр. Сауда орындарында да тәртіп орнаған, санитарлық талаптар сақталған. Әрине, бәрінде болмаса да, басым көпшілінде сондай. «Көш жүре түзеледі» десек, алдағы уақытта аудан азаматтары тарапынан карантин талаптары қатаң сақталатынына сенім бар.
Өткен аптаның жұма-жексенбі күндері аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов жетекшілік ететін шұғыл топ індеттің алдын алу, таралуына жол бермеу мақсатында Полатқосшы, Қызылқайнар, Гродиково, Қарой, Өрнек, Ерназар ауылдық округтеріне рейдке шықты. Ауылдық округтердегі азық-түлік дүкендеріне бас сұқты. Сауда нысандарында белгіленген санитарлық нормалардың сақталуын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында кейбір дүкендерде сатушылар мен келушілердің маскалық режимді сақтамай жүргені, санитарлық талаптардың бұзылу фактілері анықталды. Қорғаныш заттары да түгел орнында емес. Бұл анықталған кемшіліктер бойынша нысан иелерінің атына анықтама толтырылып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ескерту жасалды.
Оларға ілескен біз Мадияр Әбілханұлынан рейд жайында сұрағанымызда, ол: «Бүгінгі рейдтің негізгі мақсаты – коронавирустың таралуының алдын алу, сондай-ақ сауда нысандарының иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау коронавирус инфекциясының таралуын тежейді. Біз мұндай рейдтерді күнделікті ұйымдастырып тұрамыз», – деді.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close