Басты бетЖаңалықтарРуханиятҚоғам

Жобада серпін бар

Сәрсенбі күні Жамбыл ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатованың қатысуымен кеңес отырысы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев ашып жүргізген басқосуда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында атқарылған жұмыстардың барысы туралы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Береке Несіпбекұлы баяндама жасады.
Хабарламашының сөзіне сүйенсек, іс-шара жоспарына сәйкес жергілікті бюжеттен бөлінген 1 млн 50 мың теңге бағдарламаны жүзеге асыруға, мән-мағынасын ашуға жұмсалған. Туған жерге деген сүйіспеншіліктің ерең үлгісін қалыптастырып, тарихымыз бен салт-дәстүрімізге қайта соқа салған танымдық мақала аясында өңірде 132 іс-шара ұйымдастырылып, оған 68205 тұрғын атсалысқан. Оның ішінде «Туған жер», «Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандық мәдениет», «Ауыл – ел бесігі», «Ұлы даланың жеті қыры», «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы», «Тарих кино өнері мен телевизиядағы көрінісі», «Ұлы даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі» атты танымдық жобалар бар.
«Туған жер» бағдарламасы аясында кіндік қаны тамған мекенге маңдай терінде тамызып жүрген азаматтар баршылық. Мысалға, ағымдағы жылы жергілікті жомарт жандардың қолдауымен Қоңыртөбе ауылында мешіт ашылса, Аса ауылында 3 отбасыға тегін жер телімі үлестірілді. Бірлесу-Еңбек ауылында белсенді азаматтың демеушілігімен аялдама салынды. Бұдан бөлек аты жаман індет төбе көрсеткенде аудандық орталық ауруханаға қажетті құрылғылар жеке кәсіпкерлер тарапынан берілді.
Баяндамашы мұнан соң «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жыл соңына дейін 10 баспана мұқтаж отбасыларға берілетінін жеткізіп, кеңінен ақпарат берді.
Атқарылған жұмыстар туралы өз ойын білдірген Зарина Пердібекқызы мақсатты жобаларды жүзеге асыру, оны кеңінен насихаттау керектігін алға тартып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Басқосуды қорытындылаған Олжас Елебекұлы әрбір жоба жіті бақылауда екенін алға тартып, ұсыныс-пікірлерді назарға алатынын жеткізді.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close