Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғамӘлеумет

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болды

ҚОЙМАНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН КӨРДІ
Бейсенбі күні облыс əкімі Бердібек Сапарбаев ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Алдымен Қаратөбе ауылдық округіндегі «Kaz Pruk Laim» ЖШС-нің көкөніс жəне жеміс-жидек сақтау қоймасының жұмысымен танысқан өңір басшысы серіктестік директоры Көшкенбай Құлманбетовтан қойманың жай-күйін сұрады. Оның айтуынша, сыйымдылығы 2 мың тоннаны құрайтын қойманың бүгінде 30 пайызы көкөніс пен жеміс-жидекке толтырылыған. Қазір қоймада 400 тонна алма, 200 тонна картоп, 200 тонна сəбіз жəне 170 тонна пияз ылғалды температурада сақталуда. Қоймада 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Адам күшінен бөлек екі кіші жүк орнатқыш, бір өнімді сұрыптаушы, екі мұздатқыш көлігі жұмыс істеуде. Сондай-ақ қоймада Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Жуалы көкіністері бар. Серіктестік басшысын мұқият тыңдаған Бердібек Мәшбекұлы қойма жұмысын жандандыру қажеттігін алға тартып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

ОТБАСЫҒА БАСПАНА БЕРІЛДІ
Мұнан соң өңір басшысы Айша бибі ауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Асарлатып үй салу» жобасымен салынған 5 бөлмелі үйді көрді. Ауыл тұрғындарының бір жеңнен қол, бір жағадан мойын шығарып, жұмыла кіріскен игілікті ісіне риза көңіл танытқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдың қазына қарияларымен тілдесті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаев «Ел болып, жұрт болып асарлатып көпбалалы отбасыға мына үйді салып бердік. Қазақта үш қызы бар адамға жылу бер дейтін. Қыз ұзату оңай емес қой. Біз тұрмысы төмен деген отбасыны ардагерлермен саралап анықтадық. Бұл отбасында 9 жылда дүниеге 6 бала келген. Үлкені 11 жаста болса, кішісі бір жастан асты» деп көпшілік таңдауының орынды екенін айтты.
Қарияның сөзін жалғаған Бердібек Мәшбекұлы:
– Ең негізгісі осындай көмек беруді көбейтуіміз керек. Баяғыда біздің ата-бабаларымыз ашаршылық, соғыстың кезінде бір үзім нанды бөліп жегенін, талай қайырымды іс жасағанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Осындай аз қамтылған, көпбалалы аналарға, жетім-жесірлерге көмектесу патша көңілдің адалдығында. Мұны тоқтатуға болмайды. Өзіңіз сияқты ауылдың ақсақалдары жастарға бағыт-бағдар беріп, қолдап, бақуатты демеушілерді қайырымды іс жасауға тартып отырсаңыздар ауылдың бірлігі, берекесі артады. Асардың ең үлкен тағы бір мәні бар. Оның тәрбиелік мәні – еліне, жеріне, көршісіне, ауылына, ұлтына, өзге ұлт өкілдеріне деген құрметін оятуға көмектеседі. Қайырлы іске атсалысқан адамның жүрегіндегі мейірімі оянады. Елдің арасында ынтымақ болса, бірлік болса бәрі жақсы болады, – деді.
Еңселі бес бөлмелі үйде барлық жағдай жасалған. Газ, су бәрі ішке кіргізілген. Көпбалалы ана Жаңагүл Мұхамбетиярова бұған дейін пәтер жалдап тұрып келгенін, ауыл тұрғындарының асарлатып баспана салып бергені үшін үлес қосқан барлық азаматқа алғысын айтты. Ауыл әкімдігі оның жұбайы Бақтияр Жампозовты қоғамдық жұмысқа тартыпты. Олардың үйлі болғанына анасы Илан Айтқұлова да қуанып жүр. Енді Жампозовтар әулеті жалдамалы пәтерді жағалау дегенді ұмытпақ.

ЕҢСЕЛІ КЕШЕН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Келесі кезекте аудан орталығы Аса ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынған спорт кешенінің ашылуына куә болдық. 224 балаға арналған спорт кешенінің құрылысына 594 миллион теңге жұмсалған. Құрылысты жүргізген «Өмірзақ» ЖШС уақтылы аяқтап, тапсырып отыр. Спорт кешенінен бөлек оның сыртқы аулалары талапқа сай жабдықталған. Үлкен футбол, кіші футбол, баскетбол, волейбол, тенис алаңдары бар. Алғашқы құттықтау сөзі өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа берілді
– Әрбір ұлттың, мемлекеттің болашағы сол мемлекеттің азаматтарының біліміне, денсаулығына, мәдениетіне, тәрбиесіне байланысты. Сондықтан әрбір мемлекет осы салаларды дамыту үшін өз халқының денсаулығының жақсы болуы үшін жағдай жасайды. Соның бірі – спорт саласы. Адам не құрлым спортпен көбірек айналысса соғұрлым оның денсаулығы жақсы болады. Ұзақ өмір сүреді. Екіншіден, бір ұлтты бір ұлтқа, мемлекетті мемлекеттке таныстыратын да ол – спорт, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Басшы сөзін жалғаған ауданның спорт ардагері Бауыржан Бейсембиев, аудан жұртшылығын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады. Жаңа нысанның лентасын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Бауыржан Бейсембаев қиды.
Спорт кешенін аралап шыққан соң Бердібек Мәшбекұлы аудан басшылары мен жаңа ғимараттың директорына ғимаратты күтіп ұстап, жастарды спортқа көбірек тартуды тапсырды.
Облыс әкімінің сапары барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, аталмыш округ әкімдері мен бірқатар бөлім басшылары бірге жүрді.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close