Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында асарлатып салған тағы бір үй пайдалануға берілді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы көптің көңілінен шығып, кең қолдауға ие болды. Барлық ауданда жүзеге асып, мұқтаж отбасыларға баспана салып жатқан көрші-қолаң мен тұрғындар «әп, бәрекелдіге» әбден лайық. Ауылдың ақсақалдары ұйымдасып, «Баспанаға кім лайықты?» деген сауалға жауап іздеп, мұқтаж отбасыны анықтап, зерделеу жүргізгені туралы талай мәрте жазған едік.

Міне, бүгінде көптің тілегі көкке жетіп, игілікті істеріне береке ұя салған. Ауданымызда да жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Түнеугүні айшабибіліктердің асарға асыққанын ақтарыла айтып, Жампозовтар әулетінің баспаналы болғанына куә болсақ, кеше ерназарлықтардың алғашқы жауған қардай аппақ көңіліне сүйсінгенбіз. Көпбалалы әке Нұрбол Алтынбекұлына арнап салынған пәтер 4 бөлмелі. Жылыту жүйелері тартылып, ішкі бөлмелері жабдықталған. Пешке ағаш салып, тұрмыстық әрекетті қамдаған әженің айналасында асыр салып 4 немересі ойнап жүр. Бүлдіршіндер: «Мына, бөлмеде мен демаламын» деп бөлме қожайындығына таласып жүргенін бақылап отырған әжей көзіне еріксіз қуаныш жасын алған.
Қазына қария қайырлы іске ден қойған барша азаматқа бата-тілегін жаудырып, құшағына басып жатыр.
Ерназарлықтардың қуанышына ортақтасуға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков пен аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов баспана иесін құттықтап, береке – ауылда екенін тілге тиек етті. Бөлмелерді аралаған басшылар сауапты іске бейіл берген тұрғындарға алғыс-алқауын айтты.
Біз тұрғындар арасынан төбе көрсеткен ауыл әкімі Мырзахан Әбдіқұловты сөзге тарқанбыз.
– Алдымен алғысты ауыл тұрғындарына, шаруа қожалық төрағаларына, қалталы кәсіпкерлерге білдіргеніміз жөн болар. Осында асарлатып үй салып жатыр екенсіздер деп қаржылай қолдау көрсетуге, қол көмегін созуға қайырылған азаматтардың қайырлы амалдары өздеріне еселеп қайтсын. Облыс әкімінің бұл жобасы халықтар арасын жақындастырып, мейірімділік пен қамқорлықтың үлгісін қалыптастырды. Біз, ерназарлықтар, баспанадан бала-шағаның сыңғыр күлкісін есту үшін аянып қалған жоқпыз. Пейілімізге қарай, мақсатымызға да жеттік. Қоныс тағы да құтты болсын, – деді ағынан жарылып.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close