Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында ғаламтор желісіне сұраныс артты

Пандемияның салқыны тимеген саласы қалмады. Соның бірі – мектеп.

Уайымсыз, сөмкесін қолына іле кетіп, дәріс алып, топталып думанды шараларға қатысқан оқушылар көзге көрінбейтін індетке тап болды. Көзімізге балпанақтай баланың бетперде тағып жүргені көңілімізге қаяу ұялатқанымен, денсаулық сақтау сарапшылары бетперде тағудың тиімділігін айтып, дабыл қақты. Күннен күнге індетке бой түзеле бастағанымен, мұның ауыртпалығы жаңа оқу жылы басталғанда қылаң берді. Ауданымыздан шалғай орналасқан Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат, Өрнек, Ерназар, Ащыбұлақ, Шайдана ауылының тұрғындары пандемияға табандылық танытқанымен, дәстүрлі оқыту маусымына балаларын жіберуге қорықты. Олар елімізде індеттен сақтану бағытында қолға алынған қашықтықтықтан оқыту форматын қуана құптады. Ал бұл форматта білім алуға ғаламтор желісі ауадай қажет екені бесенеден белгілі еді. Бұл тұрғыда ауданнан 30 шақырымда орналасқан ауылдарда ғаламтор желісінің екі таяқшасын әзер көретін тұрғындар саналы ұрпақ жолын жүйелеуге жөн сілтейтін азаматтарды іздеді. Ауыл әкімдері де бұл жағдайдың алдын алу үшін «Қазақтелеком АҚ» аудандық бөлімшесінің табылдырығын тоздырғанын қынжыла жеткізді. Бөлімше мамандарының айтары интернет нүктелерінің тапшылығы. Ашып айтқанда күрмеуі шешілмейтін мәселе екенін дүйім жұрт анық ұғынды. Дегенмен мемлекет тарапынан мыңнан аса заманауи планшеттер аз қамтылған отбасыларға үлестірілді. Әйтсе де, ғаламтор желісін біржола шешілетіні жөнінде ешкім тап басып айта алмады. Осы сұранысты қанағаттандыруды көздеген аудан әкімі Сәкен Арубаев тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, ауданды ғаламтормен қамту қажеттігін жедел қолға алу керектігін басып айтты. «Амал іздеген жол табар» демекші, «Транстелеком» АҚ-ның Тараз қаласындағы «Жамбылтрастелеком» компаниясы мен «NewTelcom» ЖШС-нің дилері ұсынатын тиімді жобаны қолдаған аудан әкімі Сәкен Қаланұлы компания қызметкерлерімен кездесіп, жобаның құрылымын егжей-тегжейлі талқылаған.

Енді, сөзден іске көшсек. Кездесуден кейін үш айдың жүзі көрінді.
Бірақ жоғарыда аталған ауылдарда жағдай өзгерген. Компаниялардың басшылары Дархан Омаров пен Мырзалы Жақаевпен барлық ауылдарда кездесу өткізіп, тұрғындарға бастаманың қыр-сырларын ашық жеткізді. Компания өкілдерінің айтуынша, инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылатын жоба әр үйге 35 мың теңге көлемінде орнатылып, халықтың ақшасына қажетті құрылғылары алынады. Екі ай ғаламтор желісі тегін берілсе, келесі төлем 4000 мың теңге мен 7000 теңге (ғаламтор жылдамдығына байланысты) аралығында болмақ. Жылдамдығы да жоғары (40 Мбит/с). Бұл тарифке қосымша 110 телеарналарға қосылуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – ауылдардан ғаламтор қажеттілігі бойынша өтініштер көп болуы қажет, – дейді сала мамандары.
Тұрғындар бастамаға сөзсіз келісіп, үйді-үйге ғаламтор желісін тартты. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, соңғы 3 айдың ішінде 368 өтініш иесі жылдам ғаламтор желісінің қызығын көріп отыр. Өрнек ауылдық округінде 226, Қарасу ауылдық округәнде 30, Тоғызтарау ауылдық округінде 70, Ерназар ауылдық округінде 42 азамат бастаманың рахатын көре бастаса, желінің жылдамдығына көзі жеткен тұрғындар компания өкілдеріне өтініш білдірудің сәтін күтіп жүр.
Бұл ғаламтор желісінің түйіні тарқытылып келеді деген сөз.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы
.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close