Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Еңбеккерлердің еңбегі еленді

Өткен сенбіде аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қыдыралыұлы өңірдегі шаруа қожалық төрағаларының қатысуымен арнайы жиын өткізді. Бұл жиын ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналды.
Әуелі қатысушылар бейне­байланыс арқылы шаруаларды кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау сөзіне құлақ түрді.
Бұдан кейін Ерлан Қыдыралыұлы сөз сөйлеп, аудан шаруаларына ізгі тілегін арнады. Осы жылы жақсы нәтиже көрсетіп, еңбегімен еленген бірқатар шаруаға марапат табыстады.
– Ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Сіздердің тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді. Бар өмірін туған жерге арнап жүрген сіздерге табысты еңбек және төккен тердің жемісін көруге тілектеспін. Сіздердің еңбектеріңіз ерен. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлестеріңіз де зор. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға игілік пен бақ-береке тілегім келеді, – деген басшы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы жемісті еңбегі үшін «Кавунжиди» шаруа қожалығының жетекшісі Анатолий Кавунжидиге Жамбыл облысының Құрмет грамотасын, «Үшқоңыр» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалымжан Қайнарбековке облыс әкімінің Алғыс хатын, «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі – 2020» байқауының 3-орын иегері, «Жамбыл ЕТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Светлана Шаушеноваға тиесілі дипломды, Нұр-Сұлтан қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне белсенді қатысқан «Аса Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Үсен Құрманбековке Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Басқосуға аудандық фермерлер одағының төрағасы Аманалы Құрбанов қатысып отырды.

Ильяс Қалыбеков,
Жамбыл ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close