Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында «Сервистік әкімдік» қызмет көрсетуде

Бүгінде мемлекетіміз халық үніне құлақ асып жатыр. Қазір кез келген азамат өзін толғандыратын мәселе бойынша құзыретті органға жүгініп, түйткілдің түйінін тарқата алады. Басты міндет – халық қажетін өтеу, пікіріне құлақ асу, олармен диалог жүргізу, мәселесін шешу. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында әрдайым айтып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында көрсетілген мақсат-міндеттердің түпкі түйіні де осы.
Біздің өңірде де аудан тұрғындарының мұң-мұқтажы, талап-тілектері назардан тыс қалған емес. Қалмайды да. Аудан әкімі мен оның орынбасарлары, әкімдіктегі бөлім басшылары, ауыл әкімдері тұрғындардың мәселесін шешуге баса мән беріп келеді. Шешіп те жүр. Оны көріп те, естіп те, БАҚ-тан, әлеуметтік желілерден оқып та жүрсіздер.
Бұл күнде тұрғындардың өзіне қажетті құжаттарды, анықтамаларды алу секілді жұмыстар оңтайландырылған. Азаматтарымыз бір анықтама алу үшін бұрынғыдай әр мекеменің есігін қағып, әуре-сарсаңға түспейді. Тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлері «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Аса ауылында дүйсенбі күні ашылған «Сервистік әкімдік» осы қағидат бойынша жұмыс жасайды. Бұл өз кезегінде аудан азаматтарының мемлекеттік қызметшілерге сенімін арттырып, жемқорлық деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. «Сервистік әкімдікте» аудан әкімдігі жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің мамандары жергілікті тұрғындарға қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетіп, консультациялық кеңес беретін болады.
Ғимараттың ашылуына арнайы келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы-іс қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев кеңсе жұмысымен танысты. Онда халыққа қызмет көрсететін мамандармен әңгімелесіп, басты міндет азаматтарға сапалы қызмет көрсету екенін айтты. «Ең бастысы – аудан азаматтарына сапалы қызмет көрсету. Олардың ризашылығын алу. Тұрғындар сандалып, әр мекеменің есігін қағып жүрмеуі керек. Оларға мемлекеттік қызмет түрлері қолжетімді болуы қажет», – деді ол.

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close