Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Заңнама талаптарын орындау – міндет

Ауданымызға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде 520 көше бар екен. Көшелердің 305-і тарихи тұлғалардың атымен, 133-і жер-су және 82 көше дәстүрлі атаулармен аталған. Оның ішінде атауы қайталанатын 9 көше және идеологиялық тұрғыдан ескірген, белгісіз тұлғалар есімімен аталатын 19 көше бар. Мағынасы ескіруіне байланысты 3 ауылдың атауын ауыстыру мәселесі күн тәртібінде тұр.
Бұл айғақтар аудан әкімдігінің мәжілісінде атап көрсетілді. Жамбыл ауданында ҚР «Тіл туралы» Заңының орындалу барысы және ономастикалық ахуал туралы хабарлама жасаған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев мәжілісте талқыланған мәселе бойынша толыққанды ақпарат берді. Ол аудан әкімдігі жанындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, физикалық-географиялық объектілерге атау беру, оларды қайта атау, атаулардың транскрипциясын нақтылау мәселелері бойынша ұсыныс енгізу жөніндегі жұмысшы тобының жұмысына тоқталды.

Жыл басынан бері ономастика бойынша өткізілген 3 отырыста мағынасы ескірген көше атауларының санын анықтау, көшелер бойындағы билбордтар, кермелер мен банерлерді зерделеу мәселелері көтерілген. Аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмыс тобының есебі тыңдалған, 12 ауылдық округтің ономастикалық ахуалы қаралған.
Аудан бойынша қаңтар-қараша аралығында екі айлық, акция, рейд, зерделеу жұмыстары ұйымдастырылып, жалпы саны 617 нысанға мониторинг жүргізілген. Бұған қоса, «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңның тиісті баптарының талаптары кәсіпкерлік субъектілері өкілдеріне тұрақты түсіндіріліп тұрды. Жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген айлық пен акция барысында 96 көшеден 617 нысан қамтылып, бірқатар кемшілік анықталды. Бұл ретте жекелеген нысандарға мәтіндердің бір тілде жазылғанын, этикалық талғамға сай еместігін, қателердің орын алғанын айтпасқа болмайды. Көшелерде жаңа үлгідегі аншлагтар ілінбеген үйлер де кездесіп қалады.
Хабарламашы сөз соңында ономастика саласы бойынша сыртқы көрнекі ақпараттарды орнату барысында тиісті талаптардың сақталуын қадағалау, мекеме маңдайшаларын, аншлаг, көрнекі ақпараттар, стендтерді ілмес бұрын олардың жобаларын аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісу туралы ұсынысын білдірді. Сонымен бірге объектілер мен әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау барысында қолданылатын заңнамалық нұсқаулықты басшылыққа алудың, бұл жайында тұрғындарға түсіндірудің маңыздылығына назар аударды.
Аудан әкімдігінің мәжілісінде құжаттама және іс-қағаздарының мемлекеттік тілде дайындалуын қатаң қадағалау; сыртқы көрнекі ақпараттар мен мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру, елді мекендердегі көшелер мен нысандардағы билбордтар мен кермелерде, тақталарда, ақпараттық жарнамаларда мәтіндердің екі тілде сауатты жазылуын тұрақты түрде зерделеу, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ретке келтіру, елді мекендерді, нысандарды қайта атау, тарихи топонимикалық атауларды қалпына келтіру барысында тиісті заңнамалар мен нормативтік актілердің мүлтіксіз орындалуын қадағалау; Ұлттық ономастиканың, «Тіл туралы» Заңның орындалуын қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданды.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close