Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жұмыссыздықты шешудің нәтижелі жолы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, қазіргі кезеңде халықты жұмыспен қамтуға әрі табысын сақтауға басымдық берілуі тиіс. Жұмыссыздық мәселесін шешудің нәтижелі жолы қарастырылған «Еңбек» бағдарламасының негізгі мақсаты мен міндеті – осы.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бойынша биыл ауданда 4 397 тұрғынды тарту көзделген болатын. Қазір 4 597 адам қамтылып, жоспар 104,5 пайызға орындалды. Соның ішінде, жұмыс іздеп қайырылғандары саны – 4 516.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша ауданда 29 азаматтың техникалық және кәсіптік білім алуына жағдай жасау, 38 тұрғынды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу жоспарланған еді. Қысқа уақыттағы курсқа жолдама алған 38-дің 13-і қазіргі кезде оқуларын аяқтап, жұмысқа орналасты. Ал, сұранысқа ие кәсіпті меңгеруге бел буғандардың 25-і онлайн оқу режімінде гидропоникалық әдіспен «Көкөніс өсірушісі» мамандығын игеруде.
Жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздеген бағыттың бір тиімділігі – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша әр азаматқа кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге мүмкіндік берілетіні. Бизнестегі ең негізгі қағида – бәсекелестеріне төтеп беру. Ол үшін ішкі нарықты, өнімдерге деген сұраныс қаншалықты екенін білу керек. Жоба курсқа қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына оқытуға, сондай-ақ, олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. Негізі биыл 419 адамға осы жоба аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге мүмкіндік беру жоспарланған. Бірақ, өтінім берушілер көп болды. Оларға берілген несиенің көлемі 670,4 миллион теңгені құрап, 180 адамға ұсынылды. Несие жоспарындағы 175 адамға қаралған қаражаттардың жалпы сомасы 677,3 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, 689 тұрғынға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (555,6 мың теңге) грант беру көзделген. Бүгінге дейін соның 673-і грант ұтып алып (373,9 миллион теңге аударылды), жыл соңына дейін қаралған қаражаттарды толық игеру үшін жұмыс жүргізілуде. Қаржылай қолдауға ие болғандардың 33-і – жеке кәсіпкер, 640-ы бірыңғай жиынтық төлеушілер ретінде тіркеліп, салық төлей бастады әрі сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне енді.
Қазір мал бағып, жер өңдеп, табыс табамын дегендерге мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіледі. Бұл үшін арнайы жобалар қабылданған. Биылдың өзінде «Еңбек» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының 853-і осы бағдарламаның игілігін көріп, кәсіптерін ашқан. Оларға мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ, қызмет көрсету жобаларын қолдау үшін жеңілдетілген несие берілген. Мәселен, Баходир Жамисаров аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығынан шағын несиелендіру тәртібі бойынша кеңес алып, «Еңбек» бағдарламасына қатысуға өтінім білдірген. Осылайша, орталықтың жолдамасына ие болып, несие берушілерге шағын несие алуға өтініш білдірді. Нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 4 пайызбен 3 миллион теңге несие алып, ірі қараны көбейту және сүт өнімін өндіру бойынша жеке ісін бастады. Бүгінде бұл кәсіпкер екі тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Жұмыспен қамтудың нәтижелі бағдарламасының жемісін көрген тұрғынның бірі – Айжан Байжұмаева. Ол аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан екі жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант беру тәртібі бойынша кеңес алып, өтінім білдірген. 27 шілде күні мемлекеттік грантты жеңіп алып, бір құлынды бие сатып алған Айжан мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қолдауға дән риза. Ал, Бағила Абдуғалиева болса «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша қатысу үшін жүгінген болатын. Орталықтың мамандарынан жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу мүмкіндігі бар екенін білген соң, өтінім жасаған. Нәтижесінде қаржылай қолдауға ие болып, екі сиыр сатып алып, бүгінде үйінде отырып-ақ табыс табуда.
Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға бағытталған. Тұрмыс сапасын жақсартып, табыс табуына жәрдемдесу мақсатында биыл ауданда 210 тұрғынды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу жоспарланған. Іс жүзінде 288 адам тартылды, оның біреуі мүмкіндігі шектеулі азамат. 207 жас маман жастар тәжірибесі бойынша жолдама алса, 906 азамат ақылы қоғамдық жұмыс орындарына тартылды. Жыл басында 1 777 жұмыссызды бос жұмыс орнына тарту көзделсе, қазір 1 820-сы тұрақты табыс табуда. Солардың 45-і мүмкіндігі шектеулі жандар екенін айта кеткен жөн.
«Еңбек» бағдарламасынын бөлек, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Аталған бағдарлама аясында әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын және инженерлік-көлік инфрақұрылымдарын жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осыған орай, орталыққа 1053 азаматты жалақысы кемінде 85 мың теңгені құрайтын жұмыс орындарына орналастыру міндеттелген. Қазір жұмыссыздардың 1058-і жұмысқа тартылды. Бүгінгі күнде, жұмыспен қамту орталығы жоспарланған 1058 адамның жұмысқа орналастыру көрсеткішін 100,5 пайызға жетті.
Ауданда аталмыш бағдарлама шеңберінде 2092 жұмыс орынын құратын, 135 жобаны жүзеге асыруға 6 миллиард 268 мың теңге қаражат бөлінген болса, сол қаржының 4 миллиард 822 млн. теңгесі игерілді, жұмыстар өз ретімен жүргізіліп келеді.
Атқарылған жұмыстарды қортындылай келе, енді Сіз жұмыссыз болсаңыз немесе өз кәсібіңізді ашқыңыз келсе, бірақ қаражат пен тәжірибеңіз жетпесе, істі неден бастау керегін білесіз.
Біздің ұсынысымыз – халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініңіз!

Арғынбай СҚАҚОВ,
аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.

Тақырып бойынша мақалалар

Тексеру

Close
Close
Close