Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғам

Футболшылар қайырлы істің басында

Ащыбұлақ ауылында бауырынан шиеттей жеті бала өрбіген көпбалалы анаға асарлатып баспана салған қарасулықтардың ішінде шайданалықтардың да еңбегі ерең.
Тұңғыш Президент күні баспанамен сүйіншіленген кейуананы бүгін Шайдана ауылының Құрметті азаматы Әділ Байұзақов жетекшілік ететін «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының аяқдопшылары арнайы құттықтап барды.

Азық-түлік себеттері, балаларға базарлық, ой-өрісті дамытуға арналған жабдықтар және аталмыш клубтың лототипі жапсырылған сұлбалы сағатын қойнына қыстырған клуб бапкері Азамат Құрбанов шаңырағынан қуаныш сығалаған отбасымен жолығып, сый-сияпатты салтанатты жағдайда табыс етті.
Қайырлы істе төбе көрсеткен Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев үй иесіне қуаныш арқалаған азаматтарды таныстырып, салмақты сөз сабақтады.
«Баланың қуанышына жетер шаттық бар ма екен мына ғаламда?! Жан жадыратар жаңалыққа себепкер болған Әділ Әбубәкірұлына алғысым шексіз. Және игі іске атсалысып, таразыда салмағы ауыр амалға ден қойған клуб мүшелеріне ризашылығымды білдіргім келеді, – деді ол өз сөзінде.
Ауыл әкімінің сөзін жалғаған клуб бапкері:

  • Қолымыздағы сағат үйіңізді көрікті етсін. Біз «Шайдана-Алмаз» клубының ойыншылары сіздің қуанышыңызды бөлісуге келіп отырмыз. Өйткені, жақсылықты бөліссең көбейеді дейді. Отбасыңызға береке ұя салып, шаттықтың шоғы сөнбесін, – деді Азамат Аманалы.

Жанға жылулық сыйлаған ауылдастарға алғыс-алқауын білдірген ананың жанарынан қуаныштың жасы сырғанай берген.
Жарысар болсақ, жақсылық жасап жарысайық, әлеумет!

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close