Білім көкжиегіБасты бетЖаңалықтарҚоғам

Жамбыл ауданында шығармашылық орталық ашылды

Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында Аса ауылындағы «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» ашылды. Аудан әкімдігі білім бөлімінің теңгеріміндегі ғимарат бұған дейін қаңырап бос тұрғанын, бұрындары жатақхана болғанын ескерсек, күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған нысанның сыртқы көрінісі көз тартарлық. Нысан құрылысына айтулы жоба аясында 286 млн 437 мың теңге қаралып, құрылыс жұмыстарын «Айна-City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.


Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Ержан Жұматұлы: «Облысымызда әлеуметтік нысандар ашылуда. Жолдар жөнделуде. Өңірлер ауызсумен, газбен қамтылуда. Болашағымыз жастар десек, білім саласына да көптеп көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде білім саласын, оның ішінде, мектеп соғуға, мектеп-колледждерді күрделі жөндеуден өткізуге мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Бүгін ашылғалы тұрған білім ордасына да көп қаражат жұмсалды. Ендігі мақсат – қосымша білім беруді сапалы ұйымдастыру. Осыған мықтап көңіл бөліңіздер. Әрине, ұстаз болу оңай емес. Бірақ, біздің балалар жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына осында қызмет ететін әрбір ұстаз өз үлесін қосады деген сенімдемін. Жұмысты жандандыратын да, балаға сапалы білім беретін де сіздерсіздер», – деді шарада сөйлеген сөзінде.
Мұнан соң Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Рахымбек Жапаров салмақты сөз сабақтап, ізгі тілегін арнады.
Әрі қарай Ержан Жұматұлы көпшілікпен бірге ішке кіріп, бөлмелерді біртіндеп аралап көрді. Орталықтағы жұмыс барысымен етене танысып, балалардың сурет салып, қызықты математика, ағылшын тілін үйреніп, ғылыми жұмыспен, робототехникамен, аспазшылықпен айналысып, заманауи технологияларды игеріп жатқанын құптады.
1400 балаға арналған орталықта 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беру бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуе үлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері істеп тұр. Әзірге 548 бала қосымша білім алуда. Бұны бізге орталық директоры Салтанат Құрманова баян етті.
Нысандарды аралау барысында басшымен аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев пен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова және ауылдық округ әкімдері бірге жүрді.

Ильяс Қалыбеков,
Жамбыл ауданы

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close